Жыл басынан бері халықаралық резерв азайып кетті

2026 жылғы қазанда Қазақстанның таза халықаралық резервтері 2,27% төмендеп, $62,3 млрд болды. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, резервтердің азаюына монетарлық алтын құнының төмендеуі себеп болған. Ал валюта активтері керісінше өскен.

Бір айда халықаралық резервтер көлемі $1,44 млрд-қа азайды. Қыркүйектің соңында бұл көрсеткіш $63,8 млрд болған.

Алтын арзандап, валюта активтері өсті

Қазанда резервтердің төмендеуіне негізінен монетарлық алтын құнының арзандауы әсер етті. Бір айда оның құны 6,41% немесе шамамен $3,3 млрд-қа азайып, $48,1 млрд болды.

Ал халықаралық резервтер құрамындағы валюта активтері 11,83% өсіп, $14,45 млрд-тан $16,16 млрд-қа жетті. Ақшалай өсім шамамен $1,7 млрд болды. Алайда бұл алтын құнының төмендеуін толық өтей алмады.

Қазан айының соңында алтынның үлесі Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтерінің шамамен 75%-ын, ал валюта активтері 25%-ын құрады.

Жыл басынан бергі өзгеріс

2025 жылдың соңымен салыстырғанда, 2026 жылғы қазанда Қазақстанның таза халықаралық резервтері 1,3% төмендеді. Былтыр жыл соңында бұл көрсеткіш $63,1 млрд болған.

Резервтердің құрылымында да өзгеріс бар. Жыл басынан бері еркін айырбасталатын валюта активтері 11,1% азайып, $18,2 млрд-тан $16,2 млрд-қа түсті.

Ал монетарлық алтынның құны керісінше 1,9% өсіп, $47,2 млрд-тан $48,1 млрд-қа жетті.