Пәтер мен көлігі барлар әлеуметтік көмек ала ала ма?

Бір ғана баспанасы немесе күнделікті қажеттілігіне пайдаланатын көлігі бар азаматтар әлеуметтік көмектен айырылмайды. Әлеуметтік қолдау тағайындау кезінде мүліктің бар-жоғы ғана емес, оның көлемі мен отбасының жалпы материалдық жағдайы ескеріледі.

Мысалы, шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасы әл-ауқатты бағалау кезінде есепке алынбайды. Тозығы жеткен баспана да осы санатқа жатады. Ал 15 жылдан асқан тұрғын үйлердің қабырға материалына қарай немесе банкте кепілде тұрған жалғыз баспанаға қатысты төмендету коэффициенттері қолданылады.

Әлеуметтік жағдайды бағалау кезінде негізінен табыс әкелетін немесе жоғары материалдық әл-ауқатты көрсететін ірі активтер есепке алынады. Олардың қатарында бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, қымбат автокөліктер, коммерциялық ғимараттар, жұмыс істеп тұрған бизнес және көлемі 5 гектардан асатын жер учаскелері бар.

Сонымен қатар, Отбасының цифрлық картасы отбасының нақты шығындарына да назар аударады. Атап айтқанда, қолданыстағы ипотекалық несие, кредиттер бойынша ұзақ мерзімді мерзімі өткен берешек, балаларды, қарт адамдарды, мүгедектігі немесе ауыр созылмалы аурулары бар отбасы мүшелерін күтіп-бағу шығындары ескеріледі.

Осылайша, әлеуметтік қолдауға шын мәнінде мұқтаж отбасылар тиісті төлемдерді толық көлемде ала береді.