Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторлары тарифтерді көтеруді жоспарлап отыр. Beeline кейбір тарифтердің бағасын биыл 10%, Kcell 10-12%, ал Tele2 және Altel келесі жылы 10-15% қымбаттатуы мүмкін. Компаниялар бағаның өсуін инфрақұрылымды дамытуға, жабдықтарды жаңартуға және желі сапасын жақсартуға жұмсалатын шығындардың артуымен түсіндіреді.
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте байланыс операторларының өкілдері мәлімдеді.
«КаР-Тел» (Beeline) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, телекоммуникация саласы тұрақты инвестицияны қажет етеді. Компания биыл кейбір тарифтердің құнын 10% көтеруді жоспарлап отыр. Баға кезең-кезеңімен өзгереді және барлық абонентке бір уақытта әсер етпейді.
«Соңғы бірнеше жылда оператордың күрделі шығындарының орташа көлемі табысының 20%-на жетеді. Желіні дамыту мен жаңа құрылыс инвестицияны талап етеді. Қазақстан тұрғындарын сапалы байланыспен және заманауи технологиялармен қамтамасыз ету үшін жабдықтарды әр бес жыл сайын жаңарту қажет», – деді Джаббор Каюмов.
Kcell атқарушы директоры Асқар Жамбакиннің мәліметінше, компания соңғы төрт жылда желіні дамытуға 468 млрд теңге инвестиция салған. Осы кезеңде 4G базалық станцияларының саны 5 мыңнан 11 мыңға дейін өскен.
Оның айтуынша, бір базалық станцияны жабдықтарымен бірге орнату кемінде 30 млн теңгеге түседі. Бұл шығындарға рұқсат алу, келісу рәсімдері, жабдықтарды жеткізу және монтаждау кіреді. Компания соңғы үш жылда 5 мың 4G және шамамен 3 мың 5G базалық станциясын орнатқан. Қазір Қазақстан халқының 64%-ы 5G желісіне қол жеткізе алады.
Жамбакин тарифтерді 10-12% шегінде қайта қарау жоспарланып отырғанын айтты. Бұған электр энергиясының, жабдықтардың және өзге де операциялық шығындардың қымбаттауы әсер етеді.
Ал «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel) басқарма төрағасы Александр Бабичев кейбір тарифтердің бағасы келесі жылы 10-15% өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Компания өкілі бағаның көтерілуін мобильді интернетті тұтыну көлемінің соңғы жылдары төрт есе артуымен байланыстырды. Оның айтуынша, интернетті пайдалану қарқыны тарифтердің өсуінен жоғары болғандықтан, бір гигабайттың орташа құны төмендеп келеді.
«Қазақстанда соңғы төрт жылда мобильді интернеттің бір гигабайтының орташа құны доллармен есептегенде 40%-ға азайды», – деді Александр Бабичев.
Ол сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңде мобильді байланысқа арналған абоненттік төлемнің өсу қарқыны инфляция деңгейінен төмен екенін атап өтті.
Осылайша, операторлар тарифтерді көтерудің негізгі себептері ретінде желіні жаңарту мен кеңейтуге жұмсалатын инвестицияларды, интернет тұтынудың артуын және инфрақұрылымдық шығындардың қымбаттауын атады.