Қазақстанда стоматологиялық қызметтерге, әсіресе тіс импланттарын орнатуға шетелдіктер тарапынан сұраныс жоғары. Стоматологтар қауымдастығының мәліметінше, мұндай қызметтерге алыс шетелден келетін пациенттер де қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Құрылтайдағы брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, шетел азаматтары Қазақстанға стоматологиялық қызметтерді салыстырмалы түрде арзан бағаға алу үшін келеді. Өйткені олардың өз елдерінде тіс емдеу және имплант орнату құны бірнеше мыңнан ондаған мың долларға дейін жетуі мүмкін.
«Қазақстанда тексеруден өту немесе имплант орнату әлдеқайда арзан, ал сапасы жағынан кем түспейді. Негізінен Орталық Азия елдерінен – Өзбекстан, Қырғызстан, сондай-ақ Тәжікстан мен Ресейден келеді. Көрші елдерден келетін медициналық туристердің үлесі 60%-ға дейін жетеді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.