Ипотекаға сұраныс төмендеді

2026 жылдың III тоқсанында Қазақстан банктері ипотекаға, автонесиеге және кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныстың төмендегенін тіркеді. Ал кепілсіз тұтынушылық несиеге қызығушылық сәл артқан. Бұл туралы Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер жөніндегі сауалнамасында айтылған.

Ипотекалық несие сегментінде несие алуға өтінім саны бір тоқсанда 19% өсіп, 271 мыңға жеткен. Алайда банктер сұраныстың төмендегенін атап өтеді. Ұлттық банк мұны ірі банктердің бірінде мемлекеттік бағдарлама аясындағы қаржыландырудың уақытша тоқтауымен және нарықтағы жағдайдың өзгермеуімен байланыстырады. Сонымен қатар жинақтау бағдарламасының іске қосылуы және бірқатар орта банктің ипотекалық несие беруді қайта бастауы өтінімдер санының артуына ықпал еткен.

Ипотекалық несиеде өтінімнің орташа сомасы 6% өсіп, 22,7 млн теңгені құрады. Ал мақұлданған өтінімдердің үлесі 4 пайыздық тармаққа төмендеп, 29% түсті.

Кепілмен берілетін тұтынушылық несие бойынша өтінімдер саны 11% азайып, 76 мыңды құрады. Орташа несие сомасы, керісінше, 18% өсіп, 14,4 млн теңгеге жетті. Банктер сұраныстың төмендеуін реттеушілік шектеулермен, қаржыландыру құнының жоғарылығымен және қарыз алушылардың қалауының өзгеруімен түсіндіреді.

Кепілсіз тұтынушылық несие сұраныс 3% өсіп, өтінім саны 16,4 млн-ға жеткен. Бірақ орташа несие сомасы 1% төмендеп, 1,055 млн теңгені құрады. Бұған клиенттердің маусымдық белсенділігі, банктердің маркетингтік науқандары және онлайн өтінім қабылдаудың қайта басталуы әсер еткен.

Автонесие сегментінде де банктер сұраныстың сәл төмендегенін байқаған. Бұған кейбір серіктестер арқылы өтінім қабылдаудың уақытша тоқтатылуы, банктердің тәуекелге баруға дайын болмауы, клиенттердің төлем қабілеті және бәсекенің күшеюі себеп болған.

Соған қарамастан, автонесиеге өтінімдер саны 10% өсіп, 1,6 млн-ға жеткен. Орташа өтінім сомасы 2% артып, 7,2 млн теңгені құрады. Ұлттық банк мұны бірқатар орта банктің автодилерлермен серіктестігін кеңейтуімен байланыстырады.

Несие өтінімдерін мақұлдау үлесі де ипотека, кепілмен және кепілсіз тұтынушылық несие сегменттерінде төмендеген. Ипотека мен кепілмен берілетін кредиттерде көрсеткіш 4 пайыздық тармаққа азайып, тиісінше 29% және 27% болды. Кепілсіз тұтынушылық несиеде 2 пайыздық тармаққа төмендеп, 31%-ды құрады. Автонесиеде мақұлдау үлесі 18% деңгейінде сақталған.

IV тоқсанға болжам

Банктер IV тоқсанда ипотекаға сұраныс айтарлықтай өседі деп күтеді. Кепілсіз тұтынушылық несиеге қызығушылық та аздап артуы мүмкін.

Ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс төмендеуін жалғастырады деп болжануда. Автонесиеге қызығушылық айтарлықтай өзгермейді. Банктер ипотека мен тұтынушылық несие беру талаптары елеулі өзгермейді деп есептейді. Автонесие шарттары сәл жеңілдеуі мүмкін.