Микроқаржы ұйымдары сіздің геолокацияңызды біле алады

Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) клиенттердің мобильді құрылғыларының геолокациясы туралы ақпаратты жинауға міндеттеледі. Бұл талап ақша операцияларын жүргізу кезінде, соның ішінде микронесие рәсімдегенде қолданылады. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қабылдады.

Құжатқа сәйкес, клиент мобильді қосымшаға геолокацияға қол жеткізуге рұқсат берсе, МҚҰ оның орналасқан жері туралы деректерді ұйымның серверіне жіберуі керек. Ал клиент мұндай рұқсат бермеген жағдайда, қосымша рұқсаттың жоқ екенін тіркеуге тиіс.

Сонымен қатар ҚНРДА микроқаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларына қойылатын қауіпсіздік талаптарын да күшейтті. Атап айтқанда, қосымшалар:

  • смартфонды қашықтан басқару немесе операциялық жүйенің қорғаныс тетіктерін айналып өту әрекеті анықталса, онлайн микронесие беруді бұғаттауы;

  • маңызды осалдықтар анықталған жағдайда қосымшаны мәжбүрлі түрде жаңарту немесе оның кейбір функцияларын шектеуі;

  • аккаунтқа кіру, парольді өзгерту немесе қалпына келтіру, тіркелген телефон нөмірін ауыстыру туралы клиентке хабарлауы;

  • клиенттердің құпия деректерін қорғауы қажет.

Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіру кезінде фотосурет немесе бейнежазба арқылы адамның бет-бейнесін қолдан жасау әрекеттеріне тосқауыл қойылуы керек. Ол үшін клиенттен алдын ала белгіленген қайталанбайтын бақылау қимылдарын орындау талап етіледі.

Ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерді қоспағанда, барлық микроқаржы ұйымдары Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен біріктірілген жеке антифрод жүйесін құруға міндетті. Бұл жүйелер:

  • күмәнді операциялар туралы ақпаратты тәулік бойы жіберуі;

  • күмәнді операцияларға қатысы бар тұлғалардың ішкі тізімін жүргізуі;

  • клиенттердің деректерін осы тізімдермен автоматты түрде салыстыруы;

  • микронесие беру операциясын уақытша тоқтату немесе одан бас тарту мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

Бұдан бөлек, МҚҰ интернет арқылы рәсімделген микронесие туралы ақпаратты шарт бойынша міндеттемелер толық орындалғаннан кейін кемінде бес жыл сақтауы керек.

Бұл ақпаратқа ақша аударымдары, SMS және push-хабарламалар, байланыс орталығындағы қоңыраулар, құжаттар мен биометриялық сәйкестендіру материалдары кіреді.