Қазақстанда энергия тиімділігі талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар мен ұйымдарға әкімшілік айыппұл салу ұсынылды. Тиісті заң жобасын Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Naryk.kz.
Ұсынылған түзетулерге сәйкес, коммерциялық емес ұйымдарға энергия тұтыну нормативтерін асыра пайдаланғаны, энергия үнемдеу және энергия тиімділігі жөніндегі қорытындыны алмағаны, сондай-ақ тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлемегені үшін айыппұл салынады.
Сонымен қатар мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген субъектілер қажетті ақпаратты ұсынбағаны және өнім немесе ғимарат ауданы бірлігіне шаққандағы энергия мен су тұтынуды жыл сайын төмендету талабын орындамағаны үшін жауапқа тартылады.
Энергетикалық тізілімде кімдер бар?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда мемлекеттік энергетикалық тізілімге 21 мыңнан астам ұйым енгізілген. Олардың әрқайсысы жыл сайын кемінде 1,5 мың тонна шартты отын тұтынады. 2025 жылы бұл ұйымдардың жалпы энергия тұтынуы 70,8 млн тонна шартты отынға жеткен.
Тізілімдегі ұйымдардың 54%-ы білім беру саласында, 20,7%-ы мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында жұмыс істейді. Дегенмен энергияның негізгі тұтынушылары – өнеркәсіп кәсіпорындары.
Тізілімге ірі энергия тұтынатын компаниялар, жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ табиғи монополия субъектілері кіреді.
Неліктен өзгерістер қажет?
2025 жылы Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 4%-ға төмендеген. Алайда депутаттың айтуынша, елімізде жалпы ішкі өнімнің бір бірлігін өндіруге әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе, ал ЭЫДҰ елдерінен 3,6 есе көп энергия жұмсалады.
Сонымен бірге энергия ресурстарын жалпы тұтыну көлемі өсуін жалғастырып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға артқан.
Депутат қолданыстағы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңның 2012 жылы қабылданғанын және оның негізінен ірі өнеркәсіп пен энергетика кәсіпорындарына бағытталғанын атап өтті. Ал бюджет саласындағы ұйымдар энергия үнемдеу тетіктерімен жеткілікті деңгейде қамтылмаған.
Жаңа түзетулер аясында мектептер, ауруханалар мен балабақшаларды қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар тағы 5 мың нысанның энергия тиімділігі тексеріліп, оларды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді.
Бұдан бөлек, энергосервистік қызметтер нарығын дамыту, мамандандырылған компанияларды таңдау рәсімдерін жеңілдету және бюджет пен квазимемлекеттік сектордағы энергия үнемдеу жобаларына жеке инвестиция тарту көзделген.
Басты мақсат – энергия шығынын азайту, инфрақұрылымдағы шығындарды қысқарту және бюджет қаражатын үнемдеу.