Өзбекстан Бухара облысындағы шөлейт жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында игеруді жоспарлап отыр. Бұл аумақтарда мақта, дәнді дақылдар өсіріліп, бау-бақша алқаптары құрылмақ. Бұл туралы Gazeta.uz хабарлады.
Жобаны Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жариялаған. Елдің су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев жаңа жерлерді суарудың бірнеше көзі қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда, Солтүстік Бұхара коллекторының суы, жерасты сулары мен қолданыстағы суару арналары пайдаланылмақ.
Министрдің айтуынша, жаңа жерлерді игеру үшін су ресурстарының қосымша көлемін бөлу қажет емес. Негізгі міндет – қолданыстағы суару желілерін жаңғырту, су шығынын азайту және заманауи агротехнологияларды енгізу.
Жоба аясында барлық алқапта тамшылатып суару технологиясын қолдану жоспарланып отыр.
«Судың бір бөлігі жерасты көздерінен, бір бөлігі коллекторлар мен арналардан алынады. Жерлер 100% тамшылатып суару жүйесі арқылы игеріледі», – деді Шавкат Хамраев.
Жобаға Қытайдың Lihua компаниясы да қызығушылық танытып отыр. Инвестор өз қаражатын салып, заманауи суару технологияларын енгізуге дайын.
Жерлерді игеру бірден жүзеге аспайды. Министрдің мәліметінше, жоба кемінде үш жылға созылып, кезең-кезеңімен іске асырылады.
Lihua Group компаниясы Бұхара облысындағы ауыл шаруашылығы жобаларына бұған дейін де қатысқан. 5 қарашада облыс әкімдігі компанияның Шафиркан ауданындағы 20 мың гектар және Ромитан ауданындағы 9 мың гектар шөлейт жерді игеру туралы келісімге келгенін хабарлаған.
Қытайлық инвесторлармен бірлесіп «Жемчужина Ромитан» кәсіпорны құрылған. Компания қазірдің өзінде 2 мың гектар жерді игерген. Ал 2026 жылы 120 гектар алқапта Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі технологияларды пайдаланып, мақта өсірген.