Шетелдік интернет-платформалар Қазақстан азаматтарына жасаған төлемі туралы есеп беруге міндетті болады. Бұл ереже танымал әлеуметтік желілерге – YouTube пен TikTok-қа да қатысты. Мұндай норма жаңа Салық кодексінде көзделген, деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.
«Бұл жеке тұлғалардың YouTube, TikTok және басқа да цифрлық платформалар арқылы алатын табыстарын камералдық бақылау үшін қажет», – деп түсіндірді МКД.
Ведомство жаңа Салық кодексі бойынша жиі қойылатын сұрақтарға арналған жауаптар тізімін әзірледі. Сол сұрақтардың бірі интернет-платформалардың қызметіне қатысты болды. Бұл туралы Курсив жазады.
Бұл – интернет-платформаларға қатысты жалғыз жаңалық емес. МКД мәліметінше, 2026 жылдан бастап отандық және шетелдік интернет-платформаларға тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сату туралы ақпаратты ұсыну міндеті жүктеледі. Ақпаратта сатушылар, сату көлемдері және мәмілелердің басқа да деректері қамтылатын болады.
«Бұл электрондық сауданың ашықтығын қамтамасыз етіп, оның қатысушыларының салықтық міндеттемелерін бақылауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомство.