Зейнетке 53-55 жастан бастап шығуға болады

Зейнетақы аннуитеті – азаматтың зейнетақы жинағын өмірді сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы тұрақты төлем алуына мүмкіндік беретін қаржы құралы.

Бұл жағдайда сақтандыру компаниясы келісімшартта белгіленген тәртіппен азаматқа өмір бойы төлем жасауға міндеттенеді. Төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған жинақтан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.

Зейнетақы аннуитетін қай жастан бастап рәсімдеуге болады?

2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем алуға:

  • ерлер – 55 жастан;

  • әйелдер – 53 жастан бастап құқылы.

Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін белгіленген жасқа толумен қатар, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы қажет. Қажетті сома әр адам үшін жеке есептеледі. Есептеу кезінде азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті бар. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.

Зейнетақы аннуитетінің төлемдері жыл сайын өседі

Заңнамаға сәйкес, зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын кемінде 8%-ға индекстеледі. Төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.

Сондай-ақ келісімшартта кепілдік берілген төлем кезеңін қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшарт талаптарына сәйкес оның мұрагерлеріне беріледі.

Алайда бұл тетікті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қалған жинақты мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Бұл – екі бөлек механизм.

Аннуитет рәсімдеген адам жұмыс істей ала ма?

Иә. Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат еңбек қызметін жалғастыра алады.

Бірақ аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын алу құқығын бермейді. Мемлекеттік зейнетақының тағайындалуы заңнамада белгіленген талаптарға байланысты.

Зейнетақы аннуитетін рәсімдемес бұрын нені ескеру керек?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға келісімшарт жасамас бұрын өмірді сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстыруға кеңес береді.

Әсіресе мына талаптарға назар аударған жөн:

  • бастапқы сақтандыру жарнасының мөлшері;

  • ай сайынғы төлем көлемі;

  • төлемдердің жыл сайынғы өсу тәртібі;

  • кепілдік берілген төлем кезеңі;

  • келісімшартты өзгерту шарттары.

Азаматтар сақтандыру компаниясынан алдын ала есеп алып, болашақ төлемдерінің мөлшерін анықтай алады.

Сонымен қатар БЖЗҚ-ның ресми сайты⁠ арқылы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады. Бұл құрал БЖЗҚ-дан күтілетін төлемдерді бағалап, сақтандыру компаниясының ұсынысымен салыстыруға мүмкіндік береді.