«Қазпошта» АҚ 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 10,06 млрд теңге таза шығынға ұшырады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 980,5 млн теңгемен салыстырғанда 10,3 есе көп.
Қызмет көрсету шығыны кірістен екі есе көп
2026 жылдың тоғыз айында компанияның қызметтерді сатудан түскен кірісі 28,9 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен небәрі 1,2% жоғары.
Ал көрсетілген қызметтердің өзіндік құны 59,99 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 58,82 млрд теңге болған.
Осылайша, компанияның қызмет көрсетуге жұмсаған шығыны кірісінен екі еседен астам асып түсті. Нәтижесінде негізгі қызметтен түскен жалпы залал 31,09 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 30,26 млрд теңге болған.
Шығындардың негізгі бөлігі қызметкерлердің еңбекақысы мен іссапар шығындарына тиесілі. Олардың көлемі 30,66 млрд теңгеге жетті.
Қаржылық кіріс 38% төмендеді
Бұған дейін «Қазпошта» пошта қызметінен шеккен шығынын қаржылық және банктік қызметтен түскен кірістер есебінен өтеп келген. Алайда 2026 жылы компанияның қаржылық кірісі айтарлықтай азайды.
Қаңтар–қыркүйек айларында сыйақы алудан түскен қаржылық кіріс 38% төмендеп, 45,56 млрд теңгеден 28,23 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Соның салдарынан компанияның жиынтық кірісі 39,94 млрд теңгеден 17,44 млрд теңгеге дейін азайды.
Бұл ретте қаржылық шығындар да төмендеді. Былтырғы тоғыз айдағы 34,91 млрд теңгемен салыстырғанда, 2026 жылы ол 20,54 млрд теңгені құрады. Дегенмен бұл негізгі қызметтегі шығынды өтеуге жеткіліксіз болды.
2026 жылдың үшінші тоқсанында «Қазпошта» 1,21 млрд теңге таза шығын шекті. Ал 2025 жылдың шілде–қыркүйек айларын компания 3,02 млрд теңге таза пайдамен аяқтаған еді.
Компанияның меншікті капиталы 25% азайды
Қаржылық шығындар компанияның балансына да әсер етті. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша «Қазпоштаның» жинақталған жабылмаған шығыны 30,37 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 20,31 млрд теңге болған.
Компанияның меншікті капиталы тоғыз айда 25% төмендеп, 39,94 млрд теңгеден 29,97 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Сонымен бірге активтері 362,47 млрд теңгеден 489,67 млрд теңгеге дейін өсті. Міндеттемелері де 322,54 млрд теңгеден 459,69 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Айта кетейік, «Қазпошта» — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес ұйымы.