Бұған дейін аты аталмаған еуропалық банк туралы сыбыстар енді ресми деңгейде нақтыланды. Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы OTP Bank-тың Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда венгриялық бірқатар ірі компаниямен келіссөздер жүріп жатыр, олардың ішінде ең ірісі – дәл осы қаржы институты.
Қазақстан банктері үшін сигнал
Мадина Әбілқасымова бұған дейінгі сұхбаттарында «Қазақстанға ірі еуропалық банк келеді» деп тұспалдаған болатын. Сарапшылар мен журналистердің болжамы расталды: егер ресми тұлғалар мәмілені жариялап отырса, демек, келісім алыс емес.
Сарапшылар пікірі
Қаржы нарығын зерттеушілердің айтуынша, OTP Bank-тың келуінің бірнеше салдары болуы мүмкін: нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі, халықаралық стандарттарға сай жаңа өнімдер мен қызметтердің енгізілуі, шетелдік капитал үлесінің артуы.
Сонымен қатар, сарапшылар бұл қадамның жергілікті банктер үшін қосымша қысым тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Себебі халықаралық ойыншының ресурстық мүмкіндігі де, технологиялық базасы да кең.