Ұлттық банк тапсырысымен жүргізілген сауалнама қазақстандықтардың 65%-ға жуығында жинақ ақшасы жоқ екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 22%-да ғана жинаған ақшасы болса, 13,3%-ы жауап беруге қиналған.
Жинақтары бар респонденттердің үштен екісі ақшасын банк депозитінде сақтайды. Көрсеткіш наурыз айынан бастап ай сайын төмендеп келеді: сәуірде 74,5%-дан 69%-ға, мамырда 67,4%-ға дейін. Дегенмен, 2024 жылдың соңғы айларында ол 53-54%-дан аспағанын айта кеткен жөн.
Бұл ретте бағалы қағаздарға инвестиция салған респонденттердің үлесі ай сайын өсіп келеді: қаңтардағы 7,3%-дан мамырдағы 11,2%-ға дейін. Салыстыру үшін, 2023 жылы көрсеткіш 3-4% шамасында ауытқыған.
Жылжымайтын мүлікке инвестиция салған респонденттердің үлесі соңғы айда 18,7%-дан 19,2%-ға өсті, бірақ қаңтардан бері бұл көрсеткіш 22,2%-дан төмендеген, ал 2024 жылдың желтоқсанында 31,8%-ды құрады.
Респонденттердің үштен бірі ақшасын қолма-қол ұстайды. Мамырдағы үлес салмағы 31,3%-дан 33,8%-ға дейін өсті. 2024 жылдың қазан айында тіпті 48,4% болған.
Респонденттердің 88%-ы ақшасын теңгеде, 31,2%-ы долларда, 9,7%-ы рубльде, 6,3%-ы еурода сақтайды. Өткен жылы респонденттердің 38,1%-ы ғана жинақтарын толықтыра алды, ал 17%-ы жинақтарының азайғанын байқады.
Сауалнамаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500 респондент қатысты. Олардың 8,5%-ы – 500 мың теңгеден жоғары, 18,6%-ы – 300 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін, 33%-ы – 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін табыс табады.