Солтүстікке көшетіндердің мемлекеттен үй алуы қиындайды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі өзгереді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 13 қазандағы бұйрығы бойынша, тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге пайдаланатын 1 625 АЕК (шамамен 7 млн теңге) сертификатын сертификатты алу үшін қоныс аударған азамат немесе қандас жаңа жұмыс орнында кемінде 12 ай қатарынан еңбек етуі керек. Сондай-ақ оның атынан міндетті әлеуметтік аударымдар төленуі қажет. Бұған қоса, азамат қоныс аударушыларды немесе қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілуі тиіс.

Сертификат арқылы тек қоныс аударған елді мекеннен тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Егер баспананың бағасы сертификат сомасынан төмен болса, мемлекет оның нақты бағалау құнына сәйкес қаражат бөледі.

Сондай-ақ тұрғын үйді жұбайынан, жақын туыстарынан немесе жұбайының туыстарынан сатып алуға тыйым салынады. Жұмыспен қамту орталықтары сатып алынатын баспананы қосымша тексеріп, оның жай-күйі туралы фото және бейнематериалдармен бірге қорытынды жасай алады.

Мемлекет қоныс аударушылардың көшу шығындарын, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық қызметтерін де өтейді.

Біржолғы көшу субсидиясы отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі. 2026 жылғы АЕК бойынша бұл бір адамға 302 750 теңге.

Осылайша, төрт адамнан тұратын отбасы көшуге 1,21 млн теңгеден астам қаражат ала алады.

Бұл субсидияны алу үшін өтініш беруші немесе оның еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің бірі жаңа жұмыс орнында кемінде үш ай қатарынан жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік аударымдар төлеуі керек.

Тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарды өтеу үшін кемінде алты ай еңбек еткенін растау қажет.

Ай сайынғы төлем мөлшері отбасы мүшелерінің санына және тұрғылықты жеріне байланысты белгіленеді.

Қала тұрғындарына:

  • бір адамға – 20 АЕК;

  • екі-төрт адамнан тұратын отбасыға – 25 АЕК;

  • бес және одан көп адамнан тұратын отбасыға – 30 АЕК.

Ауыл тұрғындарына:

  • бір адамға – 15 АЕК;

  • екі-төрт адамнан тұратын отбасыға – 18 АЕК;

  • бес және одан көп адамнан тұратын отбасыға – 21 АЕК.

Тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге берілетін өтемақы 12 айға дейін төленеді. Алайда азамат жеке баспана сатып алған жағдайда төлем тоқтатылады.

Қандай жағдайда мемлекет ақшаны қайтаруды талап етеді?

Жаңа ережелерде мемлекеттік қолдау қаражатын қайтару тәртібі де нақтыланған.

Егер қоныс аударушы немесе қандас мемлекеттік қолдау алғаннан кейін бес жыл ішінде үкімет белгілеген өңірден өз еркімен кетсе, мемлекет одан алған қаражатын қайтаруды талап ете алады.

Азаматтың басқа жаққа көшкені мемлекеттік цифрлық жүйелердегі тұрғылықты жері бойынша тіркелу және тіркеуден шығу деректері арқылы анықталады.

Орталық еңбек мобильділігі ресми ақпаратты алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде азаматқа қаражатты қайтару туралы талап жіберуге тиіс.

Азаматқа хабарламаға жауап беріп, ақшаны қайтару мерзімін көрсету үшін 15 жұмыс күні беріледі. Қаражатты қайтару мерзімі алты айдан аспауы керек.

Егер азамат ақшаны қайтарудан бас тартса немесе хабарламаға жауап бермесе, орталық еңбек мобильділігі сотқа жүгіне алады.

Тұрғын үйді бес жыл ішінде сатқан жағдайда да мемлекет сертификатпен берілген қаражатты толық қайтаруды талап етеді.

Жұмыс берушілерге де субсидия беріледі

Мемлекет басқа өңірлерден жұмысшылар тартатын жұмыс берушілерді де қолдайды. Компаниялар екі нұсқаның бірін таңдай алады:

  • Қоныс аударушыны кемінде екі жыл тұрақты жұмысқа қабылдағаны үшін 400 АЕК мөлшерінде субсидия алу.

  • Қызметкерді бес жылдан астам мерзімге жұмысқа қабылдап, кейін сатып алынған тұрғын үйді оның меншігіне беру шартымен баспана құнының 50%-ына дейін өтемақы алу. Бұл ретте өтемақы 1 160 АЕК-тен аспайды.

2026 жылғы АЕК бойынша бұл сомалар тиісінше шамамен 1,73 млн және 5,01 млн теңгені құрайды.

Бірінші нұсқада жұмыс беруші қызметкердің көшуі мен тұрғын үйді жалдау шығындарын төлеуге міндетті.

Екінші нұсқада компания тұрғын үй сатып алып, оны қызметкері мен оның отбасының тұруына береді. Шартта көзделген міндеттемелер орындалғаннан кейін баспана қызметкердің меншігіне өтеді.

Бір қызметкер үшін осы екі қолдау шарасын қатар алуға болмайды.

Сонымен қатар, егер қоныс аударуды мемлекеттік субсидия немесе шығындарды өтеу арқылы жұмыс беруші ұйымдастырса, қызметкер көшуге, тұрғын үй жалдауға және баспана сатып алуға арналған жеке қолдау шараларын қосымша ала алмайды.