Түрік кәсіпкер Қазақстанды халықаралық сотқа берейін деп жатыр

Түркиялық кәсіпкер Роберт Юксель Йылдырымға тиесілі түрік-нидерландтық CoreX Holding компаниясы Қарағанды облысындағы мыс кен орындарына қатысты дауды халықаралық деңгейге шығармақ. Холдинг Көктасжал және Қызылшоқы кен орындарына қатысты құқықтардың басқа компанияға берілуіне қарсы шығып, Дүниежүзілік банк жанындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) жүгінуге дайындалып жатыр. Бұл туралы Qazba арнасы ZeroHedge пен түркиялық Patronlar Dünyası басылымдарына сілтеме жасап хабарлады.

Компания кен орындарына қатысты шешімнің күшін жоюды немесе салынған инвестициясы үшін өтемақы төлеуді талап етпек. Сонымен қатар Қазақстан соттарында да талап-арыз беруді жоспарлап отыр.

Даудың қалай басталғаны

2024 жылдың қаңтарында CoreX Holding «Алтай Полиметаллы» және «Теректі Кен Байыту» компанияларының 100% үлесін сатып алу туралы келісімге қол қойған. Бұл кәсіпорындар Көктасжал және Қызылшоқы кен орындарын игерумен айналысқан.

Алайда мәмілені аяқтау үшін Қазақстан үкіметінің жер қойнауын пайдалану құқығы иесінің ауысуына келісімі қажет болған. CoreX мәліметінше, холдинг бұл рұқсатты ала алмаған.

Компанияның айтуынша, келісімді мақұлдау мәселесі қаралып жатқан уақытта ол кәсіпорындардың жұмысын қаржыландырып отырған. Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысын, операциялық шығындарды, үшінші тараптар алдындағы қарыздарды және мемлекеттік органдар салған айыппұлдарды төлеген.

CoreX өз инвестициясының көлемін 180–200 млн доллар деп бағалайды.

Кен орындарына жаңа инвестор келді

2026 жылдың сәуірінде Altyndara Ltd. компаниясы Көктасжал және Қызылшоқы кен орындарындағы мыс өндіру жобасының жаңа инвесторы болғанын жариялады. Компания жер қойнауын пайдалану лицензиясын алғанын және жобаны кеңейту жоспарын ұсынғанын хабарлады.

Altyndara Ltd. 2026 жылғы 18 наурызда Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Компанияның құрылтайшысы ретінде Аяулым Мұратбек көрсетілген.

Инвестордың бағалауынша, екі кен орнындағы мыс рудасының қоры 50 млн тоннадан асады. Ал расталған мыс қоры 500 мың тоннадан жоғары.

Компания жобаға 500 млн доллардан астам инвестиция салуды, 800-ден аса жұмыс орнын ашуды және Қызылшоқы кен орнында байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр.

Алайда CoreX Holding бұл шешіммен келіспейді. Холдинг «Алтай Полиметаллы» мен «Теректі Кен Байыту» кәсіпорындарын сатып алу туралы келісімнің әлі де күшінде екенін алға тартады.

«Алтай Полиметаллының» қаржылық жағдайы қандай?

Кәсіпорынның қаржылық жағдайы да күрделі болған. 2024 жылғы есеп бойынша:

  • Таза шығыны 18,2 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,9 млрд теңге болған.

  • Түсімі 11,7 млрд теңгеден 9,7 млрд теңгеге дейін төмендеген.

  • Жалпы міндеттемелері 312,5 млрд теңгені құраған.

  • Активтерінің жиынтық көлемі 77,8 млрд теңге болған.

  • Жинақталған шығыны 234,7 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар компанияның Еуропалық қайта құру және даму банкі алдындағы қарызы 2024 жылдың соңында 17,89 млрд теңгені құраған. Қаржылық есепте кәсіпорынның несие келісімдерінің талаптарын бұзып, төлемдерді кешіктіргені көрсетілген.

2024 жылы Көктасжал кен орнында кен өндіру тоқтатылған. Ал «Теректі Кен Байыту» кәсіпорнының байыту фабрикасы 2025 жылдың шілдесінен сол жылдың төртінші тоқсанына дейін жұмыс істемеген. Өндірістің кейін қайта жанданған-жанданбағаны есепте көрсетілмеген.

CoreX Қазақстанға тағы қанша инвестиция салмақ?

CoreX Holding Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның мәліметінше, осы уақытқа дейін ел экономикасына 1,4 млрд доллардан астам инвестиция салған.

Алдағы бес жылда Қазақстандағы жобаларына тағы 3 млрд доллардан астам қаржы құюды жоспарлап отыр.

Холдингтің Қазақстандағы активтері қатарында Ақтөбе облысындағы «Восход» хром кеніші, Шығыс Қазақстан облысындағы Манка алтын кен орны, DTK Metals, Sunrise Mining және East Kaz Alloys геологиялық барлау жобалары бар.

Сонымен қатар компания Жамбыл облысында Qazaq Soda кальцийленген сода зауытын салу жобасын жүзеге асырып жатыр.

Осылайша, Көктасжал мен Қызылшоқы кен орындарына қатысты дау Қазақстандағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі мен жаңа инвестор арасындағы құқықтық тартысқа ұласып отыр.