Бұрын жері болмағандарға бөлек жер беріледі

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері енді электронды конкурс арқылы беріледі. Жаңа тәртіп бойынша жер алуға үміткерлер арнайы критерийлермен бағаланады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасының, мал басының, жұмысшылардың болуы және конкурсқа қатысушының сол ауданда тұрақты тіркеуде тұруы ескеріледі. Бұл нормалар Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 29 қазандағы №375 бұйрығында көрсетілген.

Жер электронды конкурс арқылы беріледі

Енді конкурстар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы өткізіледі. Оған Қазақстан азаматтары және шетелдік қатысуы жоқ мемлекеттік емес заңды тұлғалар қатыса алады. Қатысушылар екі санатқа бөлінеді:

  • Бұған дейін жер учаскесін алмаған Қазақстан азаматтары. Олар 300 гектарға дейінгі жер телімдеріне үміткер бола алады.

  • Қазақстан азаматтары мен шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғалар.

Бұған дейін жер алмаған азаматтар үшін арнайы кепілдік қарастырылған. Конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің кемінде 30%-ы осы санаттағы азаматтарға резервке қойылады.

Үміткерлер қалай бағаланады?

Конкурсқа қатысушылардың өтінімдері белгіленген критерийлер бойынша автоматты түрде бағаланады. Мына факторлар ескеріледі:

  • ауыл шаруашылығы техникасының болуы;

  • мал басының болуы;

  • жұмысшылар саны;

  • жер орналасқан ауданда тұрақты тіркеудің болуы;

  • әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі.

Ең көп балл жинаған қатысушы жеңімпаз атанады. Яғни жер үлестіру кезінде өтінім берумен қатар, шаруашылық жүргізуге қажетті ресурстардың болуы да маңызды.

Жер беру туралы шешім үш күнде қабылданады

Конкурсқа шығарылатын жерлер алдымен арнайы дайындықтан өтеді. Әуелі учаскелер тізімі жасалып, қоғамдық кеңестермен келісіледі. Одан кейін жерге орналастыру жұмыстары жүргізіледі.

Конкурс қорытындысы шыққан соң үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін беру туралы шешім қабылданады. Жеңімпазбен келісімшарт жасалып, оған жер учаскесінің паспорты беріледі.

Осылайша, жаңа тәртіп жерді электронды форматта үлестіруді, үміткерлерді автоматты бағалауды және бұрын жер алмаған азаматтарға конкурс учаскелерінің кемінде 30%-ын резервтеуді көздейді.