Қазақстан - тәуекелі жоғары егіншілік аймағы. Фермерлер өнімділіктің төмендеу қаупіне барған сайын жиі ұшырауда. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Бюджеттік тәуекелдер мен 2056 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы» есебіндегі деректерге сәйкес, 1990-2021 жылдар аралығында нөсер жаңбырлардың саны 1990-2005 жылдармен салыстырғанда шамамен екі есе артқан. Дәл сол кезеңде қалың қар жаууы 4 есе көбейген.
Қазгидромет мамандары да ауа райындағы өзгерістерді атап өтеді. Кәсіпорын деректеріне сәйкес, Қазақстан аумағының жылыну қарқыны Жер шарындағы орташа көрсеткіштен екі есе жоғары: 1976 жылдан бері еліміздегі ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,36°C-қа көтеріліп келеді, ал бүкіл әлем бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 0,19°C-ты құрайды. Сонымен қатар, мамандар үнемі орын алатын үсік жүру құбылысының да байқалатынын айтады. Мұндай температура ауытқулары ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді деп санайды сарапшылар және бұл өзгерістерге бейімделу айтарлықтай қиын екенін атап көрсетеді.
Бұл үрдісті табиғи жағдайларға байланысты өзгеріп отыратын ҚР Ұлттық статистика бюросы сайтындағы деректерден байқауға болады. 2021 жылы бидайдың бір гектардан орташа өнімділігі 9,3 центнерді құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,8 центнерге дейін өсті, ал 2023 жылы қайтадан 2021 жылғы деңгейге жуық – 9,2 ц/га дейін төмендеді. 2024 жылы өнімділік айтарлықтай өсіп, 14,2 ц/га жетті, алайда бұл көрсеткіштің өткен жылғы деңгейде сақталатынына сенім аз. Осындай ауытқулар қара бидайда да байқалды: 2021 жылы гектарынан 9,1 центнер жиналса, 2022 жылы белсенді өсім тіркеліп, 17,4 ц/га болды. 2023 жылғы көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп, 2021 жылғы деңгейден де аз – 8,5 ц/га-ға түсті. Ал 2024 жылы қара бидайдың өнімділігі 15,3 ц/га құрады. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы Қазақстан 11,5 млн тонна бидай (ең сұранысқа ие дәнді дақыл) өндірді, бұл алдыңғы жылғы 16,4 млн тоннадан айтарлықтай аз. Жетіспеген көлем шамамен 5 млн тоннаны құрады.
Үсік, ақ жауын мен қуаңшылық жиналған өнім көлеміне тікелей әсер етеді, сәйкесінше, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысына да ықпалын тигізеді. Сондықтан сенімді агросақтандыру жүйесіне деген қажеттілік барған сайын өзекті болып келеді. Сақтандырушылар аграрийлер үшін жаңа сақтандыру өнімдерін әзірлеуде, соның ішінде өнімділіктің төмендеуінен туындайтын күтпеген шығындарды ерікті сақтандыру түрлерін ұсынады. Бұл әзірлеменің негізінде параметрлік тәсіл жатыр. Ол заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, тәуекелдерді барынша дәл және объективті бағалауға мүмкіндік береді.
«Біз әлемде кеңінен қолданылатын параметрлік тәсілді таңдадық, өйткені ол деректерді алудағы объективтілікті қамтамасыз етіп, адам факторын есепке алмайды. Классикалық сызбада егіс алқаптарын физикалық тексеру талап етілсе, біздің модель өнімділікті болжауды объективті дереккөздерді пайдалану негізінде жүзеге асырады», – деп атап өтті «Freedom Insurance» СК» АҚ сақтандыру компаниясының агросақтандыру басқармасының бастығы Диас Ерғалиев.

Өнімділік болжамы ауа райы жағдайларын (жауын-шашын, температура және т.б.), топырақтың ерекшеліктерін, сондай-ақ өсірілетін дақылдың агробиологиялық сипаттарын (вегетация фазасы, күйзеліске төзімділігі, өнімділік әлеуеті) қамтитын кешенді талдау негізінде қалыптасады. Болжам жасау үшін Praedictus (АҚШ) халықаралық компаниясы ұсынатын өнімділікті модельдеу әдісі қолданылады. Мұндай тәсіл өнімділік болжамын жоғары дәлдікпен алуға, әрбір нақты алқапқа оның бірегей ерекшеліктерін ескере отырып жеке модельдер құруға және соңғы 45 жылдағы өнімділік деректерінің ретроспективасын талдап, заңдылықтар мен климаттық үрдістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Егер фермер 10 жыл бойы бір алқапта, мысалы, бидай өсіріп, кейін дақыл түрін өзгертіп, қарабидай ексе, онда модель екі деректер жиынтығын да ескеріп, қазіргі жағдайға бейімделген нәтижені болжайды. Есептеулерде дақылдың толық даму циклін – тұқым себуден және өніп шығудан бастап, вегетация мен пісіп-жетілу кезеңіне дейін қамтитын арнайы математикалық модельдер қолданылады.
Қазіргі уақытта өнім пилоттық режимде екі негізгі күздік дақылға – күздік бидай мен күздік қара бидайға – олардың агрофизиологиялық ерекшеліктері мен себу мерзімдерін ескере отырып іске қосылды. Сақтандыру тәуекелдерінің тізіміне құрғақшылық, нөсерлі жауын-шашын, үсік және өнімге әсер етуі мүмкін өзге де ауа райы аномалиялары кіреді. Жаңа полиске енгізілген параметрлік модель аясында сақтандыру жағдайы ретінде өнімділіктің күтпеген жерден белгіленген шектік деңгейден төмен түсуі қарастырылады. Сақтандыру төлемінің мөлшері фермер таңдаған қамту деңгейі шегінде өнімділіктің қаншалықты төмендегеніне байланысты есептеледі.
Сақтандыру жағдайының туындауы дақылдың вегетациялық кезеңінің соңында, өнім жиналар уақытқа жақын, болжамды өнімділік нәтижелері бойынша анықталады. Егер модель болжамды өнімділіктің тарихи орташа деңгейдің 80%-ынан төмендегенін тіркесе, яғни шекті мәннен аз болса, бұл сақтандыру жағдайы болып есептеледі. Жүйе автоматты түрде фермерге онлайн форматта төлемге өтінішке қол қою қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Төлем сарапшылардың алқапқа шығуын қажет етпейді – үдеріс толықтай қашықтан жүргізіледі және тәуелсіз дереккөздерден алынған объективті мәліметтерге негізделеді.
Сақтандыру полисін онлайн түрде agro.ffins.kz платформасында рәсімдеуге болады. ЭЦҚ арқылы сайтқа кіргеннен кейін фермер өз алқаптарын, олардың параметрлерін көрсетеді, дақыл түрін және қамту деңгейін (өнім жоғалтудың 60%-дан 80%-ға дейін, 40%-дан 80%-ға дейін немесе 0%-дан 80%-ға дейін) таңдайды. Одан соң жүйе шарттарды автоматты түрде есептеп, өтінімді қарауға жібереді. Рәсім бас-аяғы бірнеше минут уақыт алады.
Алаяқтықтың алдын алу үшін жүйе егіс алқаптары, дақыл түрлері мен себу мерзімдері туралы мәлімделген деректерді ресми операторлардан, соның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясынан алынған ақпаратпен салыстырады. Осылайша, қорғаныс тетігі фермер үшін де, сақтандырушы үшін де ашық әрі айқын жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сақтандыру полисі мемлекеттік бағдарламалар аясында, мысалы, «Kең дала-2» сияқты, банктерден несие алу үшін қамтамасыз ету құралы бола алады. Бұл фермерлердің көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына қаржыға қол жеткізуін жеңілдетеді.
Нарықта бұған дейін ұсынылған өнімдерден айырмашылығы, жаңа аграрийлерге арналған полис себуге кеткен шығынды емес, өнімділік төмендеген жағдайда алынбай қалған кірісті өтейді. «Біздің мақсатымыз – алынбай қалған пайданы өтеу. Ұсынған өніміміздің ішінен өнімділіктің 80%-ға дейінгі жоғалуын жабатын максималды қамтуды таңдауға болады», – деп атап өтті Диас Ерғалиев. Сақтандыру төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық статистика бюросы тіркеген соңғы бес жылдағы өнімнің орташа бағалары негізінде есептеледі. Жаңа өнім сондай-ақ агро-бағыттағы тәуекелдермен жұмыс істеуде көпжылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық компаниялардың қайта сақтандыру қорғанысына ие болады. Қазіргі уақытта осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Freedom Insurance компаниясының тобы жаңа өнімді мемлекет субсидиялайтын сақтандыру бағдарламаларының тізіміне енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл фермерлерге сақтандыру сыйақысының 80%-ға дейінгі бөлігін субсидия есебінен өтеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сақтандыруды едәуір қолжетімді етеді.
«Біздің мақсатымыз – аграрийлерге қиын кезеңдерде тіреу болатын, шын мәнінде пайдалы әрі тиімді құрал жасау. Біз кері байланысты мұқият қадағалаймыз және өнімді нарық сұранысына қарай бейімдейміз. Климаттың тұрақсыздығын және дақыл өсіру шығындарының артуын ескере отырып, мұндай сақтандыру тетігі фермерлерге қажетті қаржылық қолдау көрсетуге көмектеседі», – деп атап өтті «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
