Шетелдік инвестицияның үлесі тарихи минимумға дейін төмендеді

Шетелдік инвестицияның үлесі тарихи минимумға дейін төмендеді

Сауда және инвестициялық саясат бойынша сарапшы Ернар Серік Economy KZ онлайн басылымына Қазақстандағы инвестициялардың 5 негізгі трендті атады.

1. Негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны баяулады.

Соңғы екі жылмен салыстырғанда негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсу қарқыны төмендейді. Үкіметтің инвестицияларды тартуға бағытталған шараларына қарамастан, 2024 жылдың 11 айындағы өсім 103,1%-ды құрады – бұл 2022 жылғы (109,2%) және 2023 жылғы (111,2%) көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Бұл қарқындар Ұлттық даму жоспарындағы негізгі көрсеткіштерге сай келмейді. Дегенмен, экономикалық теорияға сәйкес, инвестициялық ағындар циклді сипатқа ие, өсім және бәсеңдеу кезеңдері кезектесіп келеді. Қазіргі баяулау ірі жобалардың аяқталуымен байланысты және инвестициялық циклдың табиғи кезеңі болып саналады.

2. Шетелдік инвестициялардың үлесі тарихи минимумға жетті.

2010 жылдан бері шетелдік инвестициялардың негізгі капиталға үлесі 40%-дан 2023 жылы 19%-ға, ал 2024 жылы 16%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштің төмендеуі тек шетелдік инвестициялардың азаюымен ғана емес, сонымен қатар ішкі инвесторлардың және бюджеттік капиталдың белсенділігімен байланысты.

3. Инвестиция ағындарының әртараптануы байқалады.

Тау-кен өндірісіне салынатын инвестициялар төмендеп, шикізаттық емес секторда өсім байқалуда. Тау-кен өндірісіне салынған инвестициялар 76,7% өскенімен, оның жалпы құрылымдағы үлесі 20%-ға дейін азайды (бұрын бұл көрсеткіш 30–40% болатын). Бұл Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты. Сонымен қатар, шикізаттық емес сектордағы инвестициялар 108,1%-ға өсті, бұл экономиканың әртараптануына және болашаққа үміт сыйлайды.

4. Бюджеттік инвестициялар экономиканың өсуіне қолдау көрсетуде

2024 жылдың 11 айындағы негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 103,1%-ды құрады. Алайда мемлекеттік қаржыны қоспағанда, бұл көрсеткіш 96,9%-ға дейін төмендейді. Бюджеттік қаражаттың үлесі 20,2%-ға жетіп, соңғы 10 жылдағы ең жоғары деңгейге шықты.

5. Шағын бизнес инвестициялық белсенділікте көш бастап тұр

Бұрын ірі мұнай және металлургия компаниялары негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 50%-дан астамын қамтамасыз ететін. Бірақ соңғы төрт жылда ірі бизнестің үлесі 33%-ға дейін төмендеп, соңғы онжылдықтағы ең төменгі деңгейге жетті. Ал шағын бизнес рекордтық өсім көрсетіп, 2024 жылы елдегі инвестициялардың 58%-ын құрады.