Шаруалардың мойнындағы несие 500 млрд теңгеден асты

Шаруалардың мойнындағы несие 500 млрд теңгеден асты

Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген несиесі 2025 жылғы шілдеде 2,2%, 37,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 10,0% өсім). Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 1,7%, 34,0 трлн теңгеге дейін, АҚШ долларының теңгеге қатысты 4,1% нығаюы аясында оң қайта бағалау нәтижесінде шетел валютасында 8,4%, 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде теңгемен несиенің үлес салмағы 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 91,5%-ды құрады (01.01.2025 ж. – 91,2%).  

Бизнес субъектілеріне берілген несие 2025 жылғы шілдеде негізінен инвестицияларға және бағалы қағаздар сатып алуға берілген қарыздардың 4,2%, 3,6 трлн теңгеге өсуі есебінен 14,1 трлн теңгеге дейін 2,7% ұлғайды (2025 жылдың басынан 8,0% өсім).

Оның ішінде, ірі бизнеске берілген қарыздар 2,4%, 5,2 трлн теңгеге дейін, ШОБ субъектілеріне қарыздар — 2,9%, 6,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жеке кәсіпкерлерге берілген несие бір айда 3,0%, 2,7 трлн теңгеге дейін  ұлғайды (2025 жылдың басынан 19,6% өсім).

Салалар бөлінісінде 2025 жылғы 7 айда несиенің өсуі барлық салаларда дерлік: өнеркәсіп – 4,6 трлн теңгеге дейін 5,8%, сауда – 3,8 трлн теңгеге дейін 8,5%, ауыл шаруашылығы – 501 млрд теңгеге дейін 4,1%, құрылыс – 748 млрд теңгеге дейін 10,2%, көлік – 1,0 трлн теңгеге дейін 14,2% және ақпарат және байланыс салаларында – 190 млрд теңгеге дейін 23,9% байқалады.

2025 жылғы шілдеде  бизнес субъектілеріне 1,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыз берілді. Бұл ретте, 2025 жылғы 7 айда бұл көрсеткіш 10,5 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,5% көп.

Бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген несие бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы шілденің қорытындысы бойынша 21,8%-ды құрады. Ірі бизнеске теңгемен кредиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 18,9%-ды, ШОБ субъектілеріне – 19,3%-ды, ЖК – 31,5%-ды құрады.