RBK Bank 176,8 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі. Шешім 24 қарашада өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды.
«Осылайша RBK Bank 2017–2018 жылдары 243,7 млрд теңге алған банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысуын мерзімінен бұрын аяқтайды», – делінген хабарламада.
2022–2025 жылдары RBK Bank мемлекетке алынған көмектің 67 млрд теңгесін қайтарды және енді қалған соманы толық өтейді. Сонымен қатар 2017 жылдан бері банк 75,5 млрд теңге көлемінде купондық сыйақы төледі.
Нәтижесінде мемлекетке төленетін жалпы сома 319,2 млрд теңгені құрайды (негізгі қарыз – 243,7 млрд теңге және 75,5 млрд теңге сыйақы). Бағдарлама шарттарына сәйкес, көмекті қайтару мерзімі 2032 жылға дейін белгіленген еді.
Айта кетсек, Қазақстандағы банктер мемлекеттен алған қолдауды қайтара бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова толық қарыз көлемі 1,3 трлн теңге екенін айтты. Енді RBK Bank қарызын қайтарса, қалған банктерде мынандай қарыз қалады: Alatau City Bank – 950,2 млрд теңге; Еуразиялық банк – 150 млрд теңге; Нұрбанк – 46,8 млрд теңге.