Қытай көліктерінің сатылымында Jetour Chery-дан асып кетті

Қытай көліктерінің сатылымында Jetour Chery-дан асып кетті

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» мәліметінше, ақпан айында 15 208 жеңіл және коммерциялық автомобиль, 755 жүк көлігі мен автобус сатылды, бұл былтырғы ақпан айымен салыстырғанда 29,9% көп. Жалпы қаңтар-ақпан арасында 27 236 көлік саудаланған, бұл өткен жылғы дәл сол кезеңдегіден 15,7% жоғары көрсеткіш.

«Биыл қыста сауда көлемі төмендеген жоқ, ақпандағы көрсеткіштер қаңтардағыдан 41,6%, ал былтырғыдан үштен бірге жоғары болды. Бұл жаңа автомобильдерге деген сұраныс арта беретінін білдіреді, бұған автопарктің жаңарту мақсаты да себеп болып отыр. Модельдер мен брендтердің алуан түрін тартымды бағаға алу мүмкіндігі артқандықтан, сатып алушылар белсенді түрде жаңа автомобильдерді таңдап жатыр. Бұл пандемиядан кейінгі жағдай сияқты кейінге қалған сұраныс емес. Мұнда бірнеше фактор жүзеге асты: дилерлер өздерінің жеңілдікті кредиттерін қосқанда, тиімді бағдарламалар ұсынды. Оның үстіне модельдік қатар кеңейіп, Қазақстан нарығы жаңа брендтермен толықты. Дилерлердің сан түрлі ұсынысы клиенттердің көңілінен шықты», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Қыстың соңғы айында ең көп сатылған үздік 10 брендтің ең танымалы – Hyundai (4 043; былтырғы ақпанмен салыстырғанда +44,8%,). 2 080 моделі өткен Chevrolet екінші орын алды (+79,3%). Үздіктер үштігін Kia (1 805; -1,6%) түйіндеді. Jetour (1 160; +113,2%) төртінші орынға жайғасты. 1 038 автомобилі өткен Chery бесінші сатыға тұрақтады (-0,8%). 

Содан соң тізімде Jac (760; +47%), Geely (757; +78,1%), Haval (714; +8,3%), Toyota (690; +42,6%) және Changan (555; +12,6%) тұр.

Ақпан айында сұраныс жоғары болған топ-10 модель тізімінің басына Chevrolet Cobalt (1 776) оралды, екінші жүлде Hyundai Tucson-ға (1 734) бұйырды, үшінші орынды Hyundai Elantra (960) алды. Одан бөлек тізімде Kia Sportage (954), рейтингке жаңадан қосылған Hyundai Mufasa (499) мен Jetour X70 (384), Chery Tiggo 7 Pro (370), Jac S3 (354), Kia Ceed (302) және Chery Tiggo 2 (294) бар.

Екі ай қорытындысы бойынша Hyundai (7 246; +22,6%) алда келеді, одан кейін 3 271 моделі иесін тапқан Chevrolet тұр. Үшінші орын Kia-ның еншісінде (2 785; -9,1%). Сhery дилерлері 1 747 автомобиль өткізсе (-17,9%), үздік бестікті 1 741 моделі жолға шыққан Jetour түйіндеді (+52,2%).