Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Thorniko», «Ovodan Egg Group» және «Шаңырақ» компаниялар тобының өкілдерімен кездесуде Қазақстан аумағында тауық жұмыртқасын терең өңдеуді дамыту мәселесін талқылады.
Жобаның бастамашысы — халықаралық компаниялармен әріптестікте жұмыс істейтін «Шаңырақ» компаниялар тобы.
«Жұмыртқаны терең өңдеу технологияларын енгізу тек жұмыртқа ұнтағы импортының көлемін едәуір қысқартуға ғана емес, сонымен қатар бағаның маусымдық ауытқуын азайтып, тамақ және кондитерлік өнеркәсіпте қолданылатын жұмыртқа өнімдерінің биологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз қолданыстағы заңнама аясында толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», — деді Айдарбек Сапаров.
Инвесторлар қуаттылығы тәулігіне 1 млн жұмыртқа болатын кәсіпорынның құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталатынын хабарлады. Жобаның жалпы құны — 15 млрд теңге.
Айта кетейік, бүгінде еліміз жұмыртқамен 100% отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуде.