«Қазатомөнеркәсіп» 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 263,2 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (571,7 млрд теңге) 54% аз, деп көрсетілген компанияның жарияланған қаржылық есебінде.
Компанияның табысы қаңтар–маусым аралығында 660,2 млрд теңгеге дейін қысқарды (өткен жылы – 701,1 млрд теңге). Биыл уранның фунты орта есеппен 57,27 доллардан сатылды, ал 2024 жылы баға 62,47 доллар болған.
Сонымен қатар компания 2025 жылдың алғашқы алты айында уран өндіруді 12 242 тоннаға жеткізді, бұл 2024 жылдың I жартыжылдығымен салыстырғанда 13% көп. 2025 жылға жоспарланған өндіріс көлемі өзгеріссіз қалды – 25–26,5 мың тонна.
«Қазатомөнеркәсіптің» ең ірі акционерлері: «Самұрық-Қазына» – 62,99%, Citibank (номиналды ұстаушы) – 24,32% және ҚР Қаржы министрлігі – 12,01%.