Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылық өнімі экспорты 36% өсті

Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылық өнімі экспорты 36% өсті

2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 10% өсіп, 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың алғашқы бес айында өсім 36%-ды құрап, 736,9 млн долларға жетті. Қазақстаннан Қытайға экспорттың, сондай-ақ Қытайдан импорттың да артуы аграрлық сауданың теңгерімді әрі өзара тиімді құрылымына дәлел болуда.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,1 млрд АҚШ долларын құрап, 4% артты. Ал 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында экспорт 35% өсіп, 513,4 млн долларға жетті. Негізгі экспорттық позицияларға мал азығы (+485%, 1,2 млн тонна), өсімдік майлары (+26%, 173,3 мың тонна) және бидай кіреді.

«Біз үшін негізгі мәселелердің бірі – сиыр еті, қой еті және қосалқы өнімдерді экспорттауға қатысты жаңартылған хаттамаларға қол қою. 2025 жылдың мамыр айында ҚХР-ның Бас кеден басқармасымен Қазақстандағы қызылша жомын өндіретін кәсіпорындарға бірлескен инспекция жүргізу, сондай-ақ Актөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын тексеру арқылы Қытайға бидай мен арпа жеткізілетін өңірлердің географиясын кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді. Біз осы жылдың тамыз айында құс шаруашылығы кәсіпорындарын ҚХР талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізуді ұсынамыз», – деді ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны шамамен 2,8 млрд АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы саласындағы 4 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл Қытай инвесторлары тарапынан жоғары сенімнің бар екенін және стратегиялық әріптестікті тереңдетуге қосымша ынталандыру жасайтынын көрсетеді.