2024 жылы банктердің несие портфелі 20% өсіп, 35,8 трлн теңгеге жетті. Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие – 16,3%, 13,1 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғаларға – 23,9%, 20,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды, деп жазады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Қауымдастық мәліметінше, 2024 жылы мына банктердің несие портфелі ең көп өскен:
- Қытайдың Алматыдағы сауда-өнеркәсіп банкі – 207%(38,8 млрд теңгеге дейін);
- «Қазақстан-Зираат Интернешнл банк» еншілес банкі – 63% (176,8 млрд теңгеге дейін);
- Шинхан банк Қазақстан – 62% (77,7 млрд теңгеге дейін);
- Altyn Bank – 37% (582,9 млрд теңгеге дейін);
- Kaspi Bank – 33% (6 трлн теңгеге дейін);
- ЦентрКредит Банкі – 30% (4 трлн теңгеге дейін).
Home Credit Bank», Қазақстандағы Қытай банкі және ADCB Ислам банкінің несие портфелі бір жылда 26%өсіп, тиісінше 773,7 млрд, 58,4 млрд және 164,2 млрд теңгені құрады.
Freedom Bank-тің несие портфелі 24% (796,8 млрд теңгеге дейін), Halyk Bank несие портфелі 23% (11,7 трлн теңгеге дейін) ұлғайды.
Басқа ірі банктердің несие портфелі мұндай жоғары қарқынмен өскен жоқ:
ForteBank – 17% (1,89 трлн теңгеге дейін); Еуразиялық банк 11% (1,6 трлн теңгеге дейін); Отбасы банкі – 9% (3,49 трлн теңгеге дейін); Jusan Bank – 9% (1,3 трлн теңгеге дейін) өсірді.
Керісінше, үш банктің несие портфелі азайды. Бұл Нұрбанк (-4%, 276,1 млрд теңгеге дейін), Bereke Bank (-8%, 1,3 трлн теңгеге дейін), ВТБ Қазақстан банкі (-23%, 68,4 млрд теңгеге дейін).
Жалпы несие портфелінің көлемі бойынша Halyk Bank, Kaspi Bank және ЦентрКредит Банкі көш бастап тұр.