Қазақстан e-commerce секторында айтарлықтай өсім көрсетті. Соңғы бес жылда электронды сауда көлемі жеті есе ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жетті, бұл бөлшек сауданың барлық көлемінің 14,1% құрайды.
«Саланың әрі қарай өсу әлеуеті зор. Бізде жоғары цифрлық қолжетімділік, дамыған финтех-инфрақұрылым және 8 миллионнан астам белсенді пайдаланушылар, яғни жастар бар. Біз 5 жылдан кейін әрбір бесінші сатып алу онлайн режимінде жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін биыл наурыз айында электронды сауданы дамыту жоспары бекітілді. Басымдықтардың қатарында заңнаманы жетілдіру, халық үшін білім беру бастамаларын іске қосу, кәсіпкерлер үшін қаржылық қолдау шараларын енгізу және заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар», — деп атап өтті Пәкістан Ислам Республикасында өтіп жатқан «Электронды коммерция арқылы логистика мен бизнеске қол жеткізу» халықаралық саммиті аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейрбаева
Спикер өз сөзінде Қазақстанның халықаралық алаңдарда - ДСҰ, БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО - трансшекаралық сауданы оңайлату және қолайлы цифрлық орта құру бағытындағы белсенді жұмысын атап өтті.