Қазақстанда 2026 жылдың қараша-желтоқсан айларында елде құрастырылған көліктерге жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, соңғы жылдары отандық көліктердің бағасы 10–11% төмендеген.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда 2025 жылы 171 мың автокөлік шығарылған. Ал 2026 жылға арналған өндіріс жоспары – 191 мың дана.
Сонымен қатар жаңадан іске қосылған екі зауыт әлі жобалық қуатына толық шыққан жоқ. Олар – Қостанай облысындағы Kia зауыты және Алматыдағы мультибрендті кәсіпорын.
Kia зауытының жылдық өндірістік қуаты 70 мың автомобиль болса, Алматыдағы кәсіпорын жылына 120 мың көлік шығаруға есептелген.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық көліктердің бағасы шамамен 10–11% төмендеген. Бұған қоса, дилерлер түрлі жеңілдіктер мен акциялар ұсынып келеді.
Министр қараша-желтоқсан айларында да жеңілдіктер болатынын айтты. Себебі жыл соңына қарай сатып алушылар келесі модельдік жылдағы көліктерге көбірек қызығушылық танытады. Соның салдарынан биыл шығарылған автомобильдерге сұраныс төмендейді.
Сапасына келер болсақ, министрдің айтуынша, Allur және Astana Motors сияқты тәжірибелі компаниялар өнім сапасын төмендетпейді.