Екі АЭС 2035 жылға дейін салынып бітеді

Қазақстанда екі атом электр станциясын салу жобасын 2035 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алғашқы АЭС-ті «Росатом» бастаған ресейлік консорциум салса, екінші станцияның құрылысына Қытайдың ұлттық атом компаниясы қатысуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, екінші атом электр станциясын салу мәселесі бойынша Қытай тарапымен келіссөздер жалғасып жатыр. Қазір мәміленің талаптары мен жобаны жүзеге асыру мерзімдері талқылануда.

«Екінші АЭС бойынша Қытайдың ұлттық атом компаниясымен мәселе пысықталып жатыр. Мәміленің параметрлері мен мерзімдері талқылануда. Дегенмен, 2035 жылға қарай жобалар аяқталады деп сенеміз», – деді министр.

Айта кетейік, «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.