Шекараға жақын ауылдардағы бюджет қызметкерлерінің жалақысы өспек

Қазақстанда шекараға жақын орналасқан ауылдарда жұмыс істейтін бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру ұсынылды. Бұл норма «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» заң жобасында қарастырылған.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік шекарадан 25 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан елді мекендерде жұмыс істейтін бірқатар мамандық иелерінің лауазымдық жалақысына жоғарылататын коэффициенттер енгізілуі мүмкін.

Қандай мамандардың жалақысы өседі?

Заң жобасында денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында жұмыс істейтін азаматтық қызметшілерге қосымша ақы төлеу ұсынылған.

Олардың лауазымдық жалақысына 1,5-ке дейін жоғарылату коэффициенті қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар шекара маңындағы шалғай ауылдарда білім беру және денсаулық сақтау нысандарының міндетті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нормативтер белгілеу көзделген. Яғни тұрғындар саны аз болғанына қарамастан, мұндай елді мекендердегі мектептер мен медициналық ұйымдар жұмысын жалғастыруы тиіс.

Шекара маңындағы аумақтарға қандай елді мекендер жатады?

Заң жобасында мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан аумақтар шекара маңындағы территориялар деп белгіленген. Олардың қатарына кенттер, ауылдар, ауылдық округтер, аудандар мен қалалар кіреді.

Ал шекарадан 25 шақырымға дейінгі жерде орналасқан елді мекендер шалғай шекара маңындағы аумақтар санатына жатқызылады.

Мұндай елді мекендердің тізілімін өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Жергілікті әкімдіктер тізімге енгізу жөнінде ұсыныс бере алады.

Сондай-ақ аумақтар географиялық орналасуына қарай солтүстік, шығыс, оңтүстік және батыс бағыттарға бөлінеді. Оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау өңірдің географиясына, демографиялық және экономикалық жағдайына байланысты сараланады.

Тұрғын үй, жер және бизнеске қолдау

Заң жобасында шекара маңындағы аумақтарда халықты ұстап қалу және жастар мен мамандарды тарту үшін бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда:

  • тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру;

  • жер учаскелерін беру;

  • әлеуметтік жеңілдіктер ұсыну;

  • гранттар мен субсидиялар бөлу.

Кәсіпкерлер үшін микрокредит беру, несие пайыздық мөлшерлемесі мен лизинг төлемдерін субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру және ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдау тетіктері ұсынылған.

Бұдан бөлек, мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы инвесторлар тарту көзделген.

Шекара маңындағы өңірлерді дамытудың басым бағыттарына туризм, шекара маңындағы сауда, логистика, өндіріс пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру енгізілген.

Заң жобасына сәйкес, жергілікті әкімдіктер даму шараларын әзірлеп, өңірлік жоспарлау құжаттарына енгізеді. Ал мәслихаттар оларды бекітіп, қоғамдық тыңдаулар өткізеді.