Елдегі мал сою алаңдары жабылады

Мал союға рұқсат етілген орындардың қатарынан әдеттегі мал сою алаңдарын алып тастау жоспарланып отыр. Енді етті кейіннен сату үшін малды тек арнайы жабдықталған сою нысандарында ғана союға рұқсат етіледі.

Бұл норма Құрылтай депутаттары бүгін бірінші оқылымда мақұлдаған ветеринария мәселелері бойынша заң жобасында қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, арнайы мал сою пункттерінде ветеринариялық бақылау жүргізіліп, өнім міндетті сараптамадан өтуі керек. Жаңа талаптарды орындау үшін бір жылдық өтпелі кезең беріледі.

Заң жобасында тағы қандай өзгерістер бар?

Құрылтайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатта мынадай талаптар көзделген:

  • Ветеринариялық-санитариялық сараптамадан және сою алдындағы тексеруден өтпеген жануарлардан алынған өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға тыйым салынады;

  • Өнімдік бағыттағы жануарларға өсу стимуляторлары мен адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға тыйым салынады;

  • Ерекше қауіпті ауруларға күдік туындаса, жануарларды оқшаулау, оларды дайындау мен союды уақытша тоқтату сияқты ветеринариялық шаралар енгізіледі;

  • Ветеринариялық құжаттары жоқ немесе заң талаптарын бұза отырып тасымалданған мал тәркіленуі мүмкін.

Ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе құрылады

Заң жобасы аясында ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық жүйе енгізу ұсынылып отыр.

Жүйеде ветеринария саласындағы субъектілер мен нысандар, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар және басқа да мәліметтер жинақталады.

Бұл жануарларды есепке алудың дәлдігін арттырып, мал мен ветеринариялық бақылауға жататын өнімдердің қозғалысын қадағалауға және сала қатысушылары арасында ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.