Ет және жануарлардан алынатын өнімдерді сататын сауда орындарында тұрақты ветеринариялық-санитариялық бақылау енгізілуі мүмкін. Тиісті заң жобасын Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда қабылдады.
Ет саудасына қойылатын талаптар күшейеді
Ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерге сәйкес, мемлекеттік инспекторлар сауда орындарында өнім сапасын және қажетті құжаттардың болуын тұрақты тексеріп отырады.
«Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сататын сауда нысандарында тұрақты негізде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды енгізу ұсынылады», – делінген заң жобасында.
Бұдан бөлек, ұйымдасқан шаруашылықтардағы ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу және есепке алу шығындары мал иелерінің өзіне жүктеледі.
Ветеринариялық препараттарға да бақылау енгізіледі
Заң жобасында ветеринариялық препараттардың айналымын қадағалайтын фармацевтикалық инспекция құру көзделген. Ол фармацевтикалық қадағалауды жүзеге асырып, ветеринариялық препараттар өндірісіне сәйкестік сертификатын береді.
Сонымен қатар сатуға немесе қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға арналған жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті таңбалау ұсынылып отыр. Бұл талап ветеринариялық препараттар мен жемшөпке де қатысты болады.