2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан өңделген сиыр етінің экспортын 1,4 есе арттырып, 22 мың тоннадан астам, ал қой етінің экспортын 2,2 есе ұлғайтып, 18 мың тоннаға жеткізді.
Бұл көрсеткіштер тірі малға шаққанда — 122 мың ірі қара және 1 млн ұсақ мал басына тең. Салыстыру үшін, 2024 жылы тірі мал экспорты 92 мың ірі қара мен 47 мың ұсақ мал басын құрады. Бұл — ел ішінде қайта өңдеу көлемінің және қосылған құнның артқанын дәлелдейді.
Сату нарықтарын әртараптандыруға бағытталған жүйелі жұмыстар аясында, 2024 жылдан бастап қазақстандық өндірушілер Тәжікстан, Қытай, Грузия, Сирия және Иордания сияқты жаңа шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл фактор ет өнімдері экспорты көлемінің өсуіне елеулі ықпал етті.
2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан 8,4 мың тонна сиыр етін (яғни 47 мың басқа тең) және 6,7 мың тонна қой етін (372 мың басқа тең) экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе артық.
Жыл сайынғы ет өнімдері экспортының көлемін 50 мың тоннаға дейін жеткізу мақсатында, Қазақстанда австралиялық тәжірибені енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында жалпы құны 29,3 млрд теңге болатын, өндірістің толық технологиялық циклын қамтитын 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.