Премьер-министр Олжас Бектенов Еуропалық Одақ Өкілдігінің Уақытша сенімді өкілі Йоханнес Баурмен бірге ЕО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларының, сондай-ақ бірқатар жетекші еуропалық өнеркәсіп компаниялары басшыларының қатысуымен «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасының 16-отырысын өткізді.
Еуропалық Одақ Қазақстанның халықаралық аренадағы маңызды серіктесі болып саналады. 2005–2024 жылдар аралығында Одақ елдерінен Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд доллардан асты, бұл елімізге келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 47,8%-ын құрады.
«Бүгінде Еуропалық Одақ – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Бұл еліміздің сыртқы саудасының үштен бірінен астамын және тартылған инвестицияның жартысын құрайды. өткен жылы елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымы 17% өсіп, 50 млрд долларға жетті. Біз Еуропаға жеткізілетін тауар номенклатурасын одан әрі кеңейтуге және әртараптандыруға мүдделіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет нормативтік рәсімдерді бюрократиядан арылту және оңтайландыру үшін мемлекеттік басқаруға цифрлық шешімдер енгізуде. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасы, сондай-ақ лицензиялау процестерінің ашықтығын қамтамасыз ететін minerals.gov.kz және e-qazyna.kz порталдары іске қосылды. Шикізат өңдеуді және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруды басым түрде дамыту үшін заңнамалық база жетілдірілуде. Қабылданған шаралар бизнеске кедергілерді жоюға, экономиканы ырықтандыруға бағытталған.
«Қазақстанмен бірге біз цифрландыруды қолдау және геодеректерді басқару сияқты нақты іс-қимылдарға ерекше назар аудара отырып, 2025–2026 жылдарға арналған стратегиялық әріптестіктің жол картасын әзірлеп жатырмыз», — деп атап өтті Йоханнес Баур.
Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов дипломатиялық миссиялар басшыларына қазақстандық кәсіпкерлер алдында тұрған отандық бизнестің іскерлік белсенділігіне тікелей әсер ететін түйткілді мәселелерді жеткізді. Атап айтқанда, визалық рәсімдер тақырыбы көтерілді.
«Жақында отандық кәсіпкерлермен кездесуімде, әсіресе, Литва, Германия және Польша сияқты елдерде шенген визаларын алудағы қиындықтар туралы мәселе көтерілді. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар виза орталықтарындағы бос орындардың шектеулі санымен, ұзақ күту мерзімдері – екі айға дейін, сондай-ақ қысқамерзімді визаларды беру – үш айға дейін, бұл олардың қызметін айтарлықтай қиындатуда. Қосымша кедергілер халықаралық тасымалдауға рұқсат құжаттарының түпнұсқаларын талап етеді. Бұл шектеулер қазақстандық компаниялар үшін қосымша кедергілер туындатады және ЕО-мен екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың дамуына әсер етеді», — деп атап өткен Олжас Бектенов қазақстандық бизнесмендер мен жүк тасымалдаушылар үшін рәсімдерді жеңілдету бойынша сындарлы диалогқа сенім білдірді.