Ортақ QR 2026 жылдың сәуіріне қарай қосылады

Ортақ QR 2026 жылдың сәуіріне қарай қосылады

Қазақстандағы барлық банк 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін бірыңғай банкаралық QR жүйесіне қосылады. Бұл туралы Қаржыгерлер конгресінің кулуарында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі және реттеушінің цифрлық трансформация жетекшісі Бинұр Жаленов хабарлады. Оның айтуынша, жобаның техникалық бөлігі әлі де уақытты қажет етеді, бірақ процесс жүріп жатыр. Жаленов жүйенің өзі дайын екенін, енді банктерді қосу жүріп жатқанын түсіндірді.

«Біз құрған жүйе бар, оған барлық банк қосылады… Бірінші бөлігі толық аяқталды, ал екінші міндет бойынша қазір 6 банк қана қосылған», – деді ол.

Қазір жүйеге тағы үш банк қосылғалы жатыр, олар алдағы апталарда іске қосылады.

«Барлығын атамай-ақ қояйын, бірақ олардың қатарында, мысалы, ForteBank және басқа банктер бар», – деп нақтылады Жаленов.

Ол қосылу процесі нарықтың барлық қатысушысы үшін бірдей жүретінін атап өтті.

«Біз әр банкпен келісімшартқа қол қоямыз, жол картасын жасаймыз, тестілеуден өткіземіз және кейін іске кірісеміз… Мысалы, Kaspi де кеше бізбен осындай келісімге қол қойғанын жариялады», – деді Жаленов.

Оның айтуынша, енді банктер техникалық интеграциядан өтуі керек. Бұл процесс бірнеше айға созылады, содан кейін ғана сервис барлық банктің клиенттері үшін қолжетімді болады.

«Барлық банк анонс жасады, барлық келісімшартқа қол қойылды. Енді тек техникалық жұмыстар қалды», – деді ол.

Ұлттық банк процесті жеделдетуді көздегенімен, Жаленов реалистік мерзімдер өзгермейтінін ескертті.

«Бұл шамамен 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін уақыт алады деп күту керек», – деді Жаленов.

Оның айтуынша, дәл сол мерзімде бірыңғай банкаралық QR Қазақстандағы барлық банк пен олардың клиенттері үшін толық қолжетімді болады.

Айта кетсек, 14 қарашада банктер арасында бірыңғай QR іске қосылатыны хабарланған еді. Бірыңғай QR-код жобада қатысушы банктің қосымшасы арқылы төлем жасауға немесе төлем қабылдауға мүмкіндік бередіБірыңғай QR жүйесіне қатысатын банктер:  Halyk Bank, Kaspi Bank, Нұрбанк, Freedom Bank, Bereke Bank, RBK, Home Credit, БЦК, Altyn Bank, Forte Bank.