2025 жылдың II тоқсанында бизнестің несиеге деген жиынтық сұранысы алдыңғы тоқсандағы деңгейде сақталды, алайда, сегменттер бойынша динамика әрқилы, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс төмендегені сезілді. Оған басты себеп – ірі кәсіпорындарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шектеулі болуы және нарықтық банктік өнімдерге қарағанда тиімдірек шарттармен тікелей қаржыландыруды ұсынатын мемлекеттік даму институттарының бәсекелестігі. 2025 жылдың II тоқсанында іске қосылған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру тетігі әзірге бизнес тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырмады. Бұған кепілдік құнының (қарыз сомасының 2%-ы) және несие ресурстарының жалпы қымбаттығы себеп болды. Ірі бизнес тарапынан берілген несие өтінімдерінің жалпы саны тоқсандық есеппен бір тоқсанда 15% азайып, 200-ге дейін төмендеді, ал өтінімдердің орташа көлемі 12% өсіп, 12,9 млрд теңгені құрады.
Орта және шағын бизнес тарапынан сұраныстың өсуі, негізінен, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының іске қосылуымен байланысты болды. Кейбір орта банктерде жақында іске қосылған өнімдерді жетілдіру жұмыстары мен белсенді маркетингтік акциялар сұранысты қолдай түсті. Сондай-ақ өнім шарттары жеңілдегені байқалды: кепілге қабылданатын активтер бойынша аумақтық шектеулер әлсіреді, қарыз алушыларды бағалау кезінде қаржылық талдау талаптары жеңілдеді және несие көлемінің ең жоғары шегі артты. Орта бизнес тарапынан берілген несие өтінімдерінің жалпы саны 15% өсіп, 5,3 мыңды құрады, орташа өтінім соммасы 20% артып, 924 млн теңгеге жетті. Шағын бизнес тарапынан несие алуға берілген өтінімдердің жалпы саны 3% өсіп, 912 мыңға жетті, ал орташа өтінім көлемі 14% азайып, 30,4 млн теңгені құрады.
Шағын бизнес субъектілері бойынша несие өтінімдерінің мақұлдану коэффициенті 33% деңгейінде сақталды, ірі бизнес үшін ол 1 пайыздық тармаққа (п.т.) азайып, 56% болды, орта бизнес үшін 4 п.т-ға төмендеп, 32%-ға жетті.