Қазақстанда ішкі нарықта ең жоғары сұранысқа ие әрі импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге дайын шағын, орта және ірі бизнес жобаларын қолдауға бағытталған «Инвестицияға тапсырыс» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылады, деп хабарлады ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт, ет, көкөніс, қант, картоп, балық және басқа да негізгі өнімдер бойынша өңірлерді қамтамасыз етуді бағалауды, дефицитті және импортқа тәуелділік деңгейін анықтауды, қайта өңдеу қуаттарының жүктемесін талдауды, өңірлердің шикізаттық әлеуетін бағалауды, сондай-ақ көлемді жедел арттыруға мүмкіндік бар позициялар бойынша экспорттық әлеуетті бағалауды қамтитын кешенді талдау жүргізді. Осы деректердің негізінде министрлік әкімдіктерге нақты салаларды ұсынып, анықталған дефициттерді жою үшін инвесторлар іздеуді ұсынды.
Агроөнеркәсіптік кешен жобаларына сүт-тауар фермаларын салу, етті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту, сүт, ет, тері және жүнді қайта өңдеу, балық өңдеу, астықты терең өңдеу, жылыжай кешендерін құру және қант өнеркәсібін дамыту кіреді.
Қазіргі уақытта өңір әкімдіктері бизнес-қоғамдастық және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп инвестициялық жобалар пулын скринингтен өткізіп жатыр. Осы кезеңде бірқатар жоба базалық критерийлерге сәйкес келмеуіне байланысты алынып тасталды.
Сүтті қайта өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстарында және Шымкентте дамытылады. Жалпы қуаттылығы 310 мың тонна дайын өнім болатын, 67,6 млрд теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, ірі инвестор — Иранның Solico Group компаниясы Алматы облысында жылына 200 мың тонна қуаттылықпен ірімшік өнімдерін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 33,1 млрд теңге.
Елдегі құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 80% құрайды. Осыған байланысты Алматы, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Жетісу облысында және Астанада жалпы қуаттылығы 456,7 мың тоннадан асатын, 432,2 млрд теңгелік 23 жоба іске асырылмақ. Ірі жобалардың қатарында – Aitas KZ құс фабрикасы. Инвестиция көлемі – 146 млрд теңге, қуаттылығы – 120 мың тоннадан жоғары.
Қант импортына тәуелділікті азайту үшін Қазақстанда Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жобалар жүзеге асырылады. Алматы облысында қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын, 247,1 млрд теңгелік Qazaqarab sugar жобасы жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл Қазақстан рекордтық көлемде – 27 млн тонна астық жинағаны атап өтілді. Бұл жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін дамытуға мүмкіндік ашады. Қытайдың «Далян холдинг» компаниясы Ақмола облысында 1,6 млрд доллар инвестиция көлемімен 3 млн тонна астықты қайта өңдеуді жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл бағдарлама импортты алмастыру мен экономиканы әртараптандырудың жүйелі құралына айналып, ел ең қатты қажет етіп отырған сегменттерге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
«Біз жаңа тәсіл негізгі өнімдер бойынша ішкі дефицитті жоюмен қатар, экспортқа бағдарланған өндірістер құруға мүмкіндік береді деп күтеміз. Бұл өңірлердің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етеді», — деді министр.