«Нұрбанк» акционерлерінің құрамында жаңа тұлға пайда болды. Ол — Марко Блануша (Marko Blanusa). Бұл ақпарат 2025 жылдың 1 шілдесіндегі банк акционерлері тізімінен белгілі болды. Жаңа акционер, болжам бойынша, жылдың екінші тоқсанында қосылған.
Жаңа акционердің иелігіне шамамен 1,4 млн қарапайым акция өткен. Тура осындай көлемдегі акция «JP Finance Group» ЖШС-нің үлесінен азайған. Бұл компания арқылы бизнесмен Эльдар Сарсенов «Нұрбанктің» негізгі иесі болып отыр. Қазір Марко Бланушаның үлесі қарапайым акциялардың 9,98%-ын (жалпы акциялардың 9,82%-ын) құрайды. Ал JP Finance Group үлесі 87,87%-дан 77,88%-ға дейін төмендеді (жалпы көлем бойынша 86,42%-дан 76,6%-ға дейін).
Акциялардың 5%-дан астамына ие тағы бір акционер — «JA Collection Company» ЖШС — өз үлесін өзгертпеген: шамамен 806 мың акция, бұл қарапайым акциялардың 5,97%-ын (жалпы санының 5,87%-ын) құрайды.
Мәміленің сомасы мен себептері жария етілмеді. Банк тек «ішкі операциялық тиімділікті арттыруға және клиенттер мен бизнес үшін орнықты технологиялық платформа құруға бағытталған цифрлық трансформация стратегиясын жүзеге асырып жатқанын» атап өтті.
Айта кетейік, «Нұрбанк» акцияларымен соңғы мәміле 2025 жылғы 15 сәуірде KASE-де өтті. Бір акцияның бағасы 4 986,63 теңге болды. Банктің меншікті капиталы 2025 жылғы 1 сәуірде — 69,4 млрд теңге құрады.
2025 жылғы 1 маусымдағы Ұлттық банктің жиынтық деректеріне сәйкес, «Нұрбанк» активтер көлемі бойынша 525,2 млрд теңгемен банк секторында 16-орында тұр.
Эльдар Сарсенов — кәсіпкер Рашит Сарсеновтың үлкен ұлы. Ол 2021 жылдың қыркүйегінде әкесінің орнына JP Finance Group-тың жалғыз иесі атанды. Сонымен қатар оның активтері қатарында мұнайсервистік бағытта жұмыс істейтін отбасылық кәсіп — «Techno Trading Ltd» ЖШС де бар.