Мұнай экспорты 12 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

Мұнай экспорты 12 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мұнай экспортының көлемі кейінгі 12 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті – 7,4 млн тонна. Бұл 2013 жылғы қазаннан бергі рекорд болып отыр (сол кезде 7,5 млн тонна экспортталған). 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда өсім 23% болды.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы жалпы мұнай экспорты 56 млн тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 4% өсті (2024 жылы – 53,8 млн тонна). Алайда физикалық көлемнің ұлғаюына қарамастан, экспорттан түскен жалпы табыс 10% төмендеп, 32,8 млрд доллардан 29,7 млрд долларға дейін азайды. Бұған басты себеп – қазақстандық мұнайдың орташа экспорттық бағасы 13% төмендеп, тоннасына 610 доллардан 530 долларға дейін арзандауы болды.

Жыл ішіндегі экспорт динамикасы көлем мен табыс арасындағы айқын айырмашылықты көрсетеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында (қаңтар–наурыз айларында) мұнай экспорты тоннаж бойынша 10–18% төмендеді, бұл өз кезегінде бағаның құлдырауымен қатар жүріп, экспорттық кірістің күрт азаюына әкелді. Мамыр айынан бастап жағдай өзгеріп, жеткізу көлемі тұрақтанып, өсе бастады. Әсіресе жаз айларында айтарлықтай өсім байқалды: маусымда – 25%, шілдеде – 16%, қыркүйекте – 23% (өткен жылмен салыстырғанда). Дегенмен физикалық көлем артқанына қарамастан, әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі табыс өсімін шектеп отыр.

2025 жылдың тоғыз айындағы мәлімет бойынша, қазақстандық мұнай экспортының географиясы да өзгерген. Италияға (–4%) және Францияға (–9%) жеткізу көрсеткіші азайғанымен, экспорт Нидерландқа (+39%), Түркияға (+39%), Испанияға (+51%), Румынияға (+26%) және Германияға (+19%) айтарлықтай артқан. Қытайға жеткізу көлемі 9% өсіп, ел Қазақстан мұнайының ең ірі сатып алушыларының алтауына енді. Ал АҚШ-қа (–68%), Үндістанға (–46%) және Израильге (–100%) экспорт күрт төмендеді.

2 қарашада ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін біршама арттыруға келісті. Бұл шешімге сәйкес, Қазақстан желтоқсан айында өндірісін тәулігіне небәрі 7 мың баррельге ұлғайта алады (1,569 млн баррельге дейін). Бұл өзгеріс техникалық сипатта болып, елдің жоспарлы өндіріс және экспорт көлеміне елеулі әсер етпейді, себебі Қазақстан қазірдің өзінде өндірістік қуатының шегіне жақын және бекітілген квоталар аясында жұмыс істеп отыр.

Осылайша, 2025 жылдың қыркүйегіндегі мұнай экспортының 7,4 млн тоннаға жеткен рекордтық өсімі экспорттық табыстың артуына әкелген жоқ. Мұнай бағасының төмен болуы физикалық көлемнің өсуін өтей алмады, нәтижесінде төлем балансына қысым күшейіп отыр. Қазақстан әлі де дәстүрлі «шикізат тұзағынан» шыға алмай отыр  экспорт көлемінің өсуі баға төмендеуінің орнын толтырмай, шетел валютасының ағынын шектеп, теңге бағамына және бюджеттік мүмкіндіктерге әсер етуде.