Қазақстандық технологиялық Innoforce компаниясы Гамбургте өткен UITP Global Public Transport Summit 2025 – қалалық мобильдік мәселелеріне арналған әлемдегі ең ірі саммитте қоғамдық көлікті цифрландыру бойынша ұлттық кейсті таныстырды.
Innoforce – Орталық Азия мен ТМД елдерінен қатысқан жалғыз компания. Халықаралық іріктеуден өтіп, компания UITP саммитінің басты пленарлық сессиясында баяндама жасау мүмкіндігіне ие болды. Бас директор Назерке Жанабек өз сөзінде мемлекеттік қаржыландырусыз, бірақ айтарлықтай экономикалық нәтиже беріп, қалалар мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартқан ашық әрі орнықты цифрлық көлік жүйесін қалай жүзеге асырғанын айтты.
«Көлікті цифрландыру – бұл қымбат немесе күрделі нәрсе емес. Бұл – ақылды архитектура, ашықтық, ыңғайлылық және орнықтылық туралы. Біз басқару моделін қайта қарап, оны ашық, экономикалық тұрғыдан тиімді және жолаушыға ыңғайлы жүйеге айналдырдық. Жүйе жасанды интеллект пен бұлтты технологияларға негізделген және ол мемлекетке де, тасымалдаушыларға да, ең бастысы – жолаушыларға да нақты пайда әкеліп отыр. Біздің тәжірибемізді халықаралық қауымдастықтың мойындағанына қуаныштымыз», — деді Innoforce PLC бас директоры Назерке Жаңабек.
Бүгінде Innoforce әзірлеген Avtobys жүйесі Қазақстан мен Қырғызстанның 22 қаласында жұмыс істейді. Күн сайын 2,7 миллионнан астам жолақысы осы жүйе арқылы төленеді.
Бұл цифрлық платформаны енгізудің нақты нәтижелері:
- тасымалдаушылардың таза табысы 25% артты;
- мемлекеттік салық түсімдері 30% көбейді;
- көлеңкелі айналымдар мен тіркелмеген қолма-қол төлемдер жойылды;
- мемлекеттен субсидияларды бөлу ашық әрі нақты есепке негізделген форматқа көшті;
- мемлекеттік бюджет қаражаты жеке инвестициялар есебінен үнемделді.
Мысалы, цифрлық жүйеге көшкеннен кейін автопарктер кондуктор қызметінен бас тартты. Нәтижесінде Семей қаласындағы бір автопарк жыл сайын 300 млн теңгеден астам қаржы үнемдеп отыр, бұл көптеген мысалдың бірі ғана.
Avtobys жүйесі – бұл жай ғана төлем құралы емес. Бұл – қалалық мобильдіктің толыққанды цифрлық экожүйесі:
- Смарт-әмиян функциясы бар мобильді қосымша: жолақы төлеу, түрлі қызметтерге төлем жасау, қаражат аудару және маршрут жоспарлау;
- Жолақы төлеудің 10 түрлі әдісі: Bluetooth, QR, NFC, банк карталары және көлік карталары;
- Қалалар мен тасымалдаушыларға арналған жасанды интеллектке негізделген диспетчерлік және аналитикалық құралдар;
- Онлайн виртуалды тарифтер мен әлеуметтік жеңілдіктер;
- Көлік қозғалысын нақты уақыт режимінде болжау және геотаргеттелген жарнама көрсету мүмкіндігі бар смарт-медиабордтар;
- Бақылау мен жолақыдан жалтару фактілерін анықтауға арналған антифрод жүйесі.
Қоғамдық көлікті цифрландыру – бұл тек дамыған елдерге ғана арналған артықшылық емес. Innoforce компаниясының тәжірибесі жеке инвестициялар есебінен де тиімді, ашық және орнықты жүйе құруға болатынын дәлелдеді. Бұл тәсіл барлық мүдделі тараптар үшін тиімді: жергілікті билікке – бақылау мен қаржыны үнемдеу, кәсіпкерлерге – ашық нарық пен тұрақты табыс, ал тұрғындарға – жайлы және сенімді көлік.