Қазгидромет мәліметінше, елдің басым бөлігінде ылғалдандыру жағдайлары климаттық нормаға жақын болады деп күтілуде, Қазақстанның жеті облысының кейбір аудандарында орташа құрғақшылық болжанады.
Вегетациялық кезеңнің басында жауын-шашынның көп болуы елдің солтүстік облыстарында атмосфералық ылғалдылық жағдайын жақсартты. Алайда, Қазақстанның солтүстік-батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында құрғақшылық жағдайлары әлі де сақталуда.
«Алдағы айда жауын-шашын тапшылығы мен ауа температурасының жоғарылауына байланысты жекелеген аумақтарда құрғақшылық болуы мүмкін», — деп атап өтті синоптиктер.
Синоптикалық болжамға сәйкес, маусым айында жауын-шашын республиканың көп бөлігінде нормадан аз болады деп болжануда. Жауын-шашын мөлшері Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Абай облысында, Атырау облысының батысында, Қарағанды облысының солтүстік-шығысында нормаға жақын деңгейінде күтіледі.
Алдын ала есеп бойынша, маусым айында ылғалдандырудың орташа құрғақшылық жағдайлары мына аудандарда күтіледі:
- Қостанай облысында — Амангелді, Жангелді аудандарында
- Маңғыстау облысында — Маңғыстау ауданында
- Қарағанды облысында — Ақтоғай және Шет аудандарында
- Алматы облысында — Балқаш ауданында
- Жамбыл облысында — Мойынқұм ауданында
- Түркістан облысында — Созақ, Қазығұрт, Төлеби, Шардара және Жетісай аудандарында
- Қызылорда облысында — Қармақшы және Шиелі аудандарында.