Масыл кәсіпкерлерге тағы да 1,7 трлн теңге таратылады

Масыл кәсіпкерлерге тағы да 1,7 трлн теңге таратылады

Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Қазақстанда бизнестің кредиттеріне кепілдік беретін 2 қор құрылатынын хабарлады.

Ол бизнестің несиелеріне кепілдік беру тетігі тиімді тәжірибе ретінде, соның ішінде басқа елдерде де өзін дәлелдегенін атап өтті. Сондықтан 2 кепілдік беру қоры құрылады. Оның бірі шағын және орта бизнеске арналады.

«Шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаяды. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық ШОБ жобасына қолдау көрсетіледі», — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар елімізде ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылатын болады. Ірі бизнеске арналған кепілдік қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді. Қор екінші деңгейлі банктердің өтімділігін экономикаға несие беруге және жеке және мемлекеттік қатысушылар үшін қаржыландырудың тартымдылығын арттыру құралы ретінде қызмет ететін болады.

Механизмнің негізгі мәні мынада – мемлекет ірі жобаларды несиелендіруге байланысты қаржылық тәуекелдердің бір бөлігін өзіне алады. Бұл қаржыландыруға қол жеткізу мен шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді, өз кезегінде экономика үшін маңызды бастамаларды дамытуға ықпал етеді. Холдинг жанынан Кепілдік қоры құрылып, құны 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қолдауға бағытталады.

«Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады. Жоба бастамашысы жоба құнының кемінде 20%-ы мөлшерінде өзінің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Жоба құнының қалған 80%-ы екінші деңгейлі банктердің және Қазақстан Даму банкі несиесі есебінен қаржыландырылады. Бұл ретте, кредиторлар үшін Холдингтің кепілдігі қаржыландыру сомасының 30%-ына дейін болады», — деп атап өтті отырыста Рустам Қарағойшин.

Ол үшін Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтады. Бұл өз кезегінде холдингке 2025 жылы 8 трлн теңгеге жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл өңдеу өнеркәсібінде 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске асыру жоспарлануда. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ол биыл салада 1,5 трлн теңгеге 190 жоба енгізілетінін атап өтті. Сонымен қатар жалпы құны 15,3 трлн теңге болатын 417 жоба бойынша жұмыс басталды. Жобаларды қаржыландыру жеке инвестициялар, екінші деңгейлі банктер және даму институттары есебінен жүзеге асырылады. 

«Бүгінгі таңда 1,1 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру пысықталуда. Атап айтқанда, Қазақстан Даму банкі бойынша ірі жобаларды іске асыруға қажеттілік 183,5 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Өнеркәсіпті дамыту қоры бойынша 2025-2028 жылдарға орта және шағын жобалар үшін 800 млрд теңге бөлу қарастырылған. Оның ішінде биыл шағын бизнес тарапынан сұранысқа ие шағын өнеркәсіптік аймақтарды қаржыландыруға шамамен 100 млрд теңгеге қажеттілік қалыптасып отыр. Аталған шаралар өнеркәсіптің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономика салаларының дамуына мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.