Атырау облысы Мақат ауданында QazaqGaz облыс әкімдігімен бірлесе “Мақат-Солтүстік Кавказ” магистралды газ құбырының екінші тармағын (лупингін) іске қосты. 

«Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының лупингі  құрылысы» инвестициялық жобасы Мемлекет басшысының Атырау және Атырау облысы халқын және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды, сонымен қатар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру аясында жүзеге асырылды. 

Лупинг құрылысының жалпы сомасы шамамен 86 млрд теңгені құрады. Бұл Ұлттық компанияның «Самұрық-Қазына» қорымен бірге қолға алынған инвестициялық жобаларының бірі.  

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша жобаны жүзеге асыру өңір үшін аса маңызды әлеуметтік және стратегиялық тапсырма болып табылады.  

«Ең алдымен жоба Атырау облысының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Екіншіден, сенімді және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету, өндірістік объектілер мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді отынның экологиялық түріне – табиғи газға көшіру, халықтың өмір сүру жайлылығын арттыру, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға жасалған», – деді Санжар Жаркешов. 

Сонымен қатар, лупинг құрылысы бір желілік газ құбырын тоқтатуға байланысты төтенше жағдайларды болдырмауға, сондай-ақ Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның технологиялық сызбасына сәйкес жобалық қысымы 7,4 МПа «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры лупингінің жобалық қуаттылығы жылына 13,147 млрд м3 құрайды.

«Мақат-Солтүстік Кавказ магистралды газ құбыры 30 жылдан бері пайдаланылып келеді. Біраз техникалық мәселелер болды, ақаулар табылды. Егер магистралды газ құбыры істен шығар болса, халық, облыстың ірі кәсіпорындары газсыз қалуы мүмкін. Біздің облыс үшін жобаның маңыздылығын ескерсек, QazaqGaz дәл уақытында «Мақат-Солтүстік Кавказдың екінші тармағын іске қосты. Бұл Атырау облысы үшін әлеуметтік маңызы бар, инвестициялық жоба», – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

 Мақат-Солтүстік Кавказ магистралды газ құбыры 30 жылдан бері пайдаланылып келеді.  Егер «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры күзгі-қысқы жылыту маусымы кезеңінде істен шығар болса, Атырау қаласы мен облыс тұрғындары, 400 мың халық,  сондай-ақ, ірі өнеркәсіп орындары мен балабақша, мектеп, ауруханалар мен басқа да нысандар газ, су, жылусыз қалып, өңірде энергетикалық коллапс туындайды. 

Ішкі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының стратегиялық маңыздылығын, сонымен қатар, құбырлардың бүгінгі жай-күйін ескеріп, QazaqGazдың еншілес кәсіпорны «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Мақат-Солтүстік Кавказ» МГ 0-13 шақырымы учаскесінде лупинг құрылысын жүзеге асырды.