Мал сүйегін өңдейтін елдегі алғашқы зауыт салынады

Мал сүйегін өңдейтін елдегі алғашқы зауыт салынады

Түркістан облысының Ордабасы ауданында ірі қара сүйегін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаға Tangshan Huating Ceramics Co., LTD компаниясы инвестиция құйып отыр, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өндіріске 9 млрд теңге көлемінде қаржы салу жоспарланған. Зауытты 2026 жылы іске қосу көзделуде. Кәсіпорында желатин өнімдері мен пептон қоспасы шығарылады. Жылдық өндірістік қуаты – 5 мың тонна өнім.

Әкімдік мәліметінше, болашақ сүйек өңдеу зауыты Қазақстанда теңдесі жоқ нысан болмақ.

«Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған өңір, бұл сала бойынша республикада бірінші орындамыз. Дегенмен, терең өңдеу бағытында әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет. Әсіресе, мал шаруашылығы қалдықтарын өңдеу мәселесі өзекті. Бүгін іргетасын қалаған зауыт осы мәселені шешуге бағытталған», – деді өңір әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс басталу салтанатында.

Кәсіпорын 10 гектар аумақта орналасады. Толық қуатта жұмыс істегенде мұнда 100 адам еңбек ететін болады.