Коммерциялық және құрылыс көліктері көрмесінде 200 млн теңгенің келісімшарты жасалды

Коммерциялық және құрылыс көліктері көрмесінде 200 млн теңгенің келісімшарты жасалды

Komtrans Astana+BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері аясында Қазақстан, Қытай, Түркия және Өзбекстаннан  230-дан астам компания қатысып, көрмеде өндірістік әлеует пен технологиялық шешімдер ұсынылды.

Көрме барысында 300-ден астам B2B-кездесу өткізіліп, 100-ге жуық кооперациялық бастама ұсынылды.

Нәтижесінде 200 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды.

Айта кету керек, Komtrans Astana + BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері елімізде коммерциялық көлік пен жол-құрылыс техникасын бір алаңда тоғыстырған алғашқы ірі халықаралық көрме.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, көрмеде 50-ге жуық техника бірлігі көрсетіліп, оның ішінде жаңа үлгілер алғаш рет қалың жұртшылық назарына ұсынылған. Әлбетте, атқарылған жұмыс қорытындысы ретінде коммерциялық техника мен жол-құрылыс машиналары сатылған. Мұндай көрсеткіш көрменің тиіімділігі мен нақты экономикалық әсерін көрсетеді.

Жалпы көрмені 2899 астам адам тамашалап, мамандар мен салалық сарапшылар арасындағы байланыс нығая түсті.

«Komtrans Astana + BUSexpo Astana – бұл жай ғана көрме емес. Бұл – серіктестікке жол ашатын, нақты жобаларға ұласатын, индустриялық серпінге серік болатын алаң. Біз бұл форматты келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отырмыз», — дейді көрме ұйымдастырушы, Business Media Central Asia басшысы Әнуар Мәлік.