Бұл туралы Мемлекет басшысы 2026 жылғы Жолдауда айтты.
«Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.
Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе.
Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады.
Келесі жылы барлық автомобиль өткізу пункттерін сапалы реконструкциялауды аяқтау қажет.
Алдымызда барлық республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын сапалы салу міндеті тұр.
Заңнамалық нормалар мен регламенттерге сілтеме жасаған орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы органдар бұл мәселені бір-біріне сілтеп, нағыз «футболға» айналдырды. Мәселені жан-жақтан қаумалап, шешудің орнына, оны батпаққа батыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Сондықтан мынадай тапсырма беремін: республикалық (орталықтың қарауындағы) жолдар болсын, олар барлық жолдың шамамен 26%-ын құрайды, немесе әкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жолдар болсын – барлығымен де Үкімет, оның ішінде Көлік министрлігі айналысуы тиіс.
Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет.
Битумның, қиыршық тастың сапасына сылтау қылуға жасауға жол берілмейді», — деді.