Салық кодексіне шыдамай 130 мың кәсіпкер бизнесін жапты

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 356,2 мың жеке кәсіпкер (ЖК) қызметін тоқтатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59%-ға немесе 133 мыңға көп. Алайда олардың жартысынан астамы іс жүзінде белсенді болмаған немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өткен. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Министр салық реформасынан кейін жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлерге қатысты депутаттық сауалға жауап берді. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға да таратылған.

Кәсіпкерлер не себепті жұмысын тоқтатты?

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің барлығы бірдей бизнестерін толық жаппаған.

Олардың ішінде:

  • 73,9 мың ЖК (20,8%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режиміне көшкен;

  • 151,8 мың ЖК (42,6%) өткен жылы іс жүзінде табыс таппаған;

  • 102,4 мың ЖК (28,7%) 10 млн теңгеден аспайтын табыс алған;

  • 28 мың ЖК айналымы 10 млн теңгеден асқан кәсіпкерлер болған.

Сонымен қатар 30,1 мың жеке кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшкеннен кейін немесе жаңа салық талаптарына байланысты қызметін тоқтатқан.

Салыстыру үшін, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 223,6 мың ЖК жұмысын тоқтатқан. Олардың 22,5 мыңының табысы 10 млн теңгеден асқан. Ал 2024 жылдың осы кезеңінде 277 мың ЖК қызметін тоқтатқан, оның 15 мыңының табысы 10 млн теңгеден жоғары болған.

Жаңа кәсіпкерлер саны азайды

2026 жылдың тоғыз айында 242 мың жаңа жеке кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға аз.

Қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің ең көп үлесі сауда саласына тиесілі.

Сала

2026 жылғы 9 айда

2025 жылғы 9 айда

Сауда

128,4 мың

74,5 мың

Қызмет көрсету

59,8 мың

37,7 мың

Сауда саласында жұмысын тоқтатқан ЖК саны бір жылда 53,9 мыңға артқан.

Салық реформасы бизнеске қалай әсер етті?

Серік Жұманғариннің айтуынша, жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтату жағдайларының көбеюі расымен байқалады және бұл үрдіс әрі қарай бақылауды қажет етеді. Алайда барлық көрсеткішті жұмыс істеп тұрған бизнестің нарықтан кетуімен байланыстыруға болмайды.

Оның түсіндіруінше, қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің едәуір бөлігі бұрыннан белсенді болмаған, жалдамалы жұмысшылары болмаған немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өткен.

Министр салық реформасының әсерін бағалау кезінде тіркелген кәсіпкерлер санымен қатар, олардың нақты экономикалық белсенділігін, жұмыс орындарын, айналымын және салық түсімдерін де ескеру қажет екенін атап өтті.

Жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың жиынтық саны 373,8 мыңға немесе 70,5%-ға өскен.

Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны 134,4 мыңнан 172 мыңға дейін жетті. Бұл – 37,6 мыңға немесе 28%-ға өсім.

Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді 981,2 мың адам қолданған. Олардың 866,9 мыңы немесе 88%-ы интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген.

«Жалпы алғанда, бұл үдерістер кәсіпкерлік сектордың құрылымдық өзгерісін көрсетеді: жеке тұлғалардың бір бөлігі ЖК мәртебесінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өтті, жаппай шағын бизнес оңайлатылған декларация негізінде жұмысын жалғастырып жатыр, ал B2B тізбектеріне кіретін субъектілер жалпыға бірдей белгіленген режимге көшуде», – деді Серік Жұманғарин.

Кәсіпкерлердің табысы өскен

Жеке кәсіпкерлер санының қысқаруына қарамастан, мәлімделген жиынтық табыс 7,89 трлн теңгеден 9,38 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл – 18,9%-ға өсім.

Сонымен қатар жалдамалы жұмысшылар саны 445,5 мыңнан 508,6 мың адамға дейін артқан. Өсім – 14,2%.

Ал еңбекақы төлеу қоры 417,8 млрд теңгеден шамамен 448 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бұл көрсеткіш 7,3%-ға өскен.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, салық реформасының әсерін бағалау жалғасады. Түпкілікті қорытынды 2026 жылдың толық салық кезеңі аяқталғаннан кейін жасалады.