Ұлттық қордан құрылысқа 6,5 трлн теңге бөлінеді

Қазақстанда алдағы жылдары инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 млрд доллардан асты. Енді осы әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және еліміздің әр өңірін абаттандыруға бағыттау қажет. Сондықтан бұрын айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын», – деді ол Қазақстан халқына Жолдауында.

Президенттің айтуынша, Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жоспарын әзірлейді. Осы ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға ерекше мән берілетінін атап өтті.

Атап айтқанда, әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.