Қазақстан қор биржасының (KASE) цифрлық платформасында Қазақстанда алғаш рет цифрлық қаржы активтері (ЦҚА) шығарылып, орналастырылды.
Активтердің эмитенті – телекоммуникациялық инфрақұрылым және ақпараттық коммуникациялық жабдыққа жүйелік-техникалық қызмет көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын қазақстандық "ALTA Telecom" ЖШС. Шығарылым мен орналастыруды ұйымдастырушы – "Банк ЦентрКредит" АҚ-тың еншілес ұйымы "BCC Invest" АҚ.
ЦҚА тікелей KASE-нің ЦҚА цифрлық платформасында электрондық-цифрлық нысанда шығарылды, оның операторы - Биржа. Шығарылым талаптарында мерзімді сыйақы төлеу және айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін номиналды құнын өтеу көзделген.
Жүзеге асырылған мәміле Қазақстанның реттелетін капитал нарығында цифрлық қаржы құралдарын қолданудың алғашқы практикалық үлгісі болды және KASE биржалық инфрақұрылымының ЦҚА-мен операциялардың толық циклін, оның ішінде шығару, есепке алу және орналастыруды қамтамасыз етуге дайын екенін растады.
Эмитенттер үшін ЦҚА шығарудың негізгі артықшылықтары:
KASE тарапынан желтоқсан айына дейін ешқандай комиссия мен алым алынбайды;
шығарылымды тіркеу рәсімі жеңілдетілген және жеделдетілген;
қаржылық есептілікке аудит жүргізу қажет емес.
Бұл құралды пайдалану бағалы қағаздарды дәстүрлі тәсілмен шығаруы қиын болуы мүмкін компанияларға, бірінші кезекте шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржыландыру тартуда қосымша мүмкіндіктер береді.
KASE-де ЦҚА-ны алғаш орналастыру Қазақстанда цифрлық қаржы құралдары нарығын одан әрі дамытуға және отандық компаниялардың қаржыландыру тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады.