Кикшеринг операторлары бірыңғай ереже енгізуді ұсынды

Кикшеринг операторлары бірыңғай ереже енгізуді ұсынды

Электросамокаттарды жалға беру нарығының қатысушылары – Jet, Яндекс Go, Whoosh және Bolt – бірыңғай пайдалану ережелерін қабылдауды, сондай-ақ самокаттарды пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.

1. Пайдаланушылардың цифрлық сәйкестендірілуі.

Жол қозғалысы ережелерін және сервистердің талаптарын бұзуды болдырмау үшін пайдаланушыларды тіркеу кезінде сертификатталған қызметтер арқылы цифрлық сәйкестендіру модульдерін енгізу.

2. Рұқсат етілген тұрақ аймақтарын анықтау.

Барлық шерингтік компаниялар тұрақ аймақтарын синхрондап, бірыңғай тұрақ картасын жасайды. Тар тротуарларда (1,5 м-ден тар), жаяу жүргінші өткелдерінің жанында (реттелетін және реттелмейтін) тұрақтарды орнатуға шектеулер енгізіледі, тұрақ аймақтарының жалпы саны азаяды. Бірыңғай тұрақ картасын қаланың құзіретті басқармасы келісуімен енетін болады. Бұл шара электросамокаттардың тұрақтауын реттеп, ретсіздікті азайтып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлылықты арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электросамокаттардың толыққанды көлік ретіндегі рөлін атқаруы үшін тұрақтар сұраныс пен қолдану қарқынына қарай әр 100–200 метр сайын орналасуы қажет. Мысалы, Алматы мен Астана сияқты қалаларда толыққанды көшу үшін 3000–5000 тұрақ қажет.

3. Әлеуметтік нысандар жанында жылдамдықты шектеу.

Барлық мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың, ХҚКО-лардың, сауда орталықтарының және өзге де әлеуметтік нысандардың маңында 100 метр радиуста жылдамдық 15 км/сағ-қа дейін шектеледі. Бұл шара әлеуметтік маңызды нысандардың айналасында қосымша қорғаныс аймағын құрып, аяқ астынан пайда болатын жаяу жүргіншілерге байланысты қатерді төмендетеді.

4. Жаяу жүргінші көп көшелерде жылдамдықты шектеу.

Қалалық ортада спутниктік жүйелердің айтарлықтай қателіктерін және тротуарда нүктелік реттеу мүмкіндігінің жоқтығын ескере отырып (тротуарда – 6 км/сағ, жолда немесе веложолда – 25 км/сағ), алғашқы пилоттық кезеңде акиматтармен бірлесіп ең көп жүктелген учаскелерде жылдамдықты 20 км/сағ-қа дейін шектеу ұсынылады. Егер оң нәтиже берсе, тәжірибе басқа көшелерге де таратылады.

5. Тыйым салынған және шектеулі аймақтардың бірыңғай картасын жасау.

Барлық шеринг компаниялары тыйым салу және шектеу аймақтарын синхрондайды. Әкімдіктермен бірге қала кеңістіктері тексеріледі. Қоғамдық демалыс орындарында (саябақтар, алаңдар, субұрқақтар, ескерткіштер жанындағы аймақтар, серуендеу жолдары және т.б.) электросамокаттарды қолдану шектеледі немесе толық тыйым салынады.

6. Үлкен нөмір орнату.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап компаниялар самокаттың бүйір жағына үлкейтілген нөмірлер орнатуды бастайды. Екінші кезеңде ІІМ стандарттарын бекіткеннен кейін (өлшемі, қаріпі, түсі және т.б.) нөмірлер артқы бөлігіне орнатылады. Бұл ереже бұзушыларды жылдам анықтауға, фотофиксация тиімділігін арттыруға және жеке жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

7. Шағым қабылдайтын бірыңғай сервис іске қосу.

Жақын арада азаматтар мен мемлекеттік органдардан шағым қабылдайтын Telegram-бот іске қосылады. Сервис өтініштерді, суреттерді автоматты түрде өңдеп, оферта аясында санкциялар қолданады (айыппұлдар, аккаунттарды бұғаттау және т.б.), сондай-ақ материалдарды ішкі істер органдарына жолдайды.

8. Өмір мен денсаулықты сақтандыруды енгізу.

Өмір мен денсаулықты сақтандыру самокатты жалдау құнына қосылады. Сақтандыру жағдайы орын алса, төлемдер пайдаланушылардың да, үшінші тұлғалардың да пайдасына жүргізіледі.

9. Жауапты пайдалануды насихаттайтын әлеуметтік жарнама.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап барлық компаниялар жарнамалық мақсаты жоқ ақпараттық кампания бастайды. Ақпарат билбордтарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жарияланып, қоғамдық пікір көшбасшыларын тартумен жүргізіледі.

10. Пайдаланушыларды жаппай оқыту.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап студенттерге арналған оқыту жобасы іске қосылады. Мысалы, Алматыдағы барлық ЖОО-ларда пайдалану ережелері, жауапкершілік және қауіпсіздік бойынша жүргізу мектептері өткізіледі.

11. Полициямен бірлескен рейд.

Полиция, шерингтік компаниялар және әкімдік өкілдерімен бірге тұрақты рейдтер жүргізіледі. Бұзушылар анықталып, жауапкершілік шаралары қолданылады және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

12. Инфрақұрылымды дамыту.

Қауіпсіздіктің негізгі мәселесі – дамыған веложолдар желісінің болмауы, бұл жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және электросамокат қолданушылар арасындағы қақтығыстарға әкеледі. Жағдайды өзгерту үшін шеринг компаниялары мемлекетпен үлкен агрегатталған және анонимді деректермен және сараптамамен бөлісуге дайын.

Кикшеринг компанияларының мәлімдеуінше, бұл бірыңғай шаралар пакеті қала қозғалысының барлық қатысушыларының мүдделерін ескереді. Электросамокаттар қалалардың көлік жүйесінің бір бөлігіне айналып үлгерді. Тек Алматының өзінде күніне 100 мыңнан астам сапар жасалады. Операторлардың ұсыныстары нарықтың нақты қадамдар ұсынуға дайын екенін көрсетеді. Дегенмен түпкі нәтиже бұл шаралардың қаншалықты жылдам және тиімді енгізілетініне байланысты болады.