2022-2023 жылдары ауыл шаруашылығы кешенінің (АШК) субъектілеріне 10 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз мемлекеттік субсидия төленген, деп хабарлайды Жоғары аудиторлық палата (ЖАП).
«2022-2023 жылдарға жүргізілген аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5 млрд теңгеге тең, қызметін тоқтатқан (таратылған) және кәсіпкерлік субъектісі емес 2 500 субъектіге, сондай-ақ жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге тең, ЭҚТЖ (экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуіші) коды жоқ 2,9 мың ауыл шаруашылығына қатысы жоқ субъектілерге негізсіз субсидия төленгені анықталды», – делінген ЖАП-тың 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы ҚР Үкіметінің есебіне берген қорытындысында.
Атап өтілгендей, 2022-2023 жылдары берілген барлық субсидиялардың 11%-ы өндіріс көлемі айтарлықтай және табысы жоғары 13 ірі компанияға (олардың құрамындағы кәсіпорындарды қоса алғанда) тиесілі болған.
«АШК-нің шектеулі санына көмек көрсетудің шоғырлануы шағын және орта шаруашылықтардың қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін шектейді. Олар да бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қосымша преференциялар түріндегі қолдауға мұқтаж», – дейді ЖАП.
ЖАП субсидияларды басқарудағы бұзушылықтар негізсіз төлемдерге, артық төлеуге және бюджет шығындарына алып келгенін атап өтеді. Соның салдарынан агросекторға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен болып отыр.
ЖАП АШК саласындағы субсидиялау ережелерін қайта қарап, тиімді мониторинг жүйесін енгізуді ұсынады.